03.06.2022
  136


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

САЛМАҚ ТУРАЛЫ

Кеңседегі біреудің кеңсірігін сөз еттік,
ел сенетін біреудің кемшілігін сөз еттік.
Жетпейтінін сөз еттік, әңгімеге өзек қып,
біреуіне – ақыл-ой,
біреуіне – өжеттік.
Бір ағаны еске ап ек,
естілді бір көбең үн,
Көбең айтты: – Жұмыста салмағы жоқ, – деді, – оның.
Беделі аздау адамды – сөзден түйдім жаңағы –
Салмағы жоқ дейді екен космостың заманы!
Қайқы иегі басындай пешке кепкен байпақтың,
ащы сөзді әлгі адам төкті аузын шайқап бір.
Бақ-құдайға бағымсыз,
басқаларға жұғымсыз
жігіт еді, ол рас, қолы – шешен,
тілі – үнсіз,
соны айтқаны әлгінің.
Қой, ар жағын қозғама,
Мені ойлантқан бұл да емес,
«Салмақ» деген сөз ғана.
Бір сөз шықты аузымнан абайсызда атылып,
Қармағымды ой қапты – қалтқымды батырып.
«Салмақ?» – дедім,
Шын тәңір – салмақ десе ып-ырас,
Менде салмақ болса, ол – Жерге деген ықылас.
Космонавқа таңданбан,
таңсық емес ол маған;
Салмағы жоқ тағдырға қайтып көнді сонда адам? –
Мен осыған таң қалам!
Салмағы жоқ дене де бола ма екен,
бұ қалай:
Желге ұша ма сонда адам даруы жоқ «дұғадай?»
Ей, космонавт, заңдарын физиканың жатта бар,
Салмақсыздық, меніңше, барлық заңға жат болар,
ұлдарының
Жер-ана
алыс жолға аттанар
оралсын деп тезірек салмақтарын ап қалар.
Қауырсын да қол жетер жерден ұзап әрі аспас,
Космонавтан басқаға салмақсыздық жараспас!..
Қашты біреу Батысқа ұзартам деп мұратын,
Міне, міне, дәл соның салмағы жоқ бір атым.
Басың сенің доп, адам,
О, домалан, домалан,
Көкейіңде көп алаң,
Көрген күнің зобалаң,
табанының астында туған жері жоқ адам!
Салмақ – тарту күш десе, рас шығар жартысы,
ал, жартысы, жартысы – атау үшін, шарт үшін.
Ғұмыр бойы келем мен топырағыммен, «тартысып»,
тарту күші, болса олай, – махаббаттар шарпысы!
Мен – жерімді сүйемін!
Жүрек маза бермеді:
Сүйе ме деп, япыр-ай, сүйе ме деп Жер мені?
Мен – ғашықпын,
ғашық – мас, сүйсе ғана айығар,
айығып ап әр неден күдіктенер жайы бар.
Мен – іңірдің желімін қоңыр бұлтын шұбыртқан,
Жел болмасам сол желде тынысым бар бір ұрттам.
Сенде менің бөлінбес күллі ырысым, күллі есем,
Ей, Жер-ана, не ойласам – ораласың тілге сен
Жапырағыңмен сыбырлап отырмасаң күнде сен,
Мен өнерде өзімнің салмағымды білмес ем!
Тастың сипап маңдайын,
топырағымды уыстап,
салмақ жайлы мен де енді толғанамын дұрыстап.
Самал сүйсе, жапырақ,
Шық-көзіңді аш кеңірек,
кеңірек аш, дөңгелеп бір көрінсін төңірек,
түске қарай жел тұрар – жасыңды төк еңіреп:
гүлден гөрі Жер-ана кем сүйеді мені деп.
Махаббатқа өкпелеп – емен болды көк терек,
Абай болды сол ақын – заманына өкпелеп,
соның бәрін салмаққа қоса аламын мен анық,
бірақ бәрі соғады қара жерге оралып.
Салмақ шын-ақ тартылыс күші болса – жақ ашпан,
Салмақсыздық бірақ тек космонавқа жарасқан.
Уа, Жұмыр жер, аспаның салмақты аспан, ақ аспан –
Тартып ұста ауаңды күллі әлемдік таластан!
Талай жанды біз кейде әңгімеге өзек қып,
Талай ерді санадық, сараладық, сөз еттік.
Беделі аздау ағаны – сөзден ұқтым жаңағы –
Салмағы жоқ дейді екен космонавтар заманы.
Салмақсыздық еткенде санасыздар былайғы,
Салмақ дейді кей ауыз бір мықтыға ұнауды.
Тартып көрмей безбенге саған қалай ел сенбек,
Салауатқа, санаға салмақ тұрса өлшем боп?!
Жо-жоқ, достар, әр сөздің астын қазып мән баққан,
жеңіл түйсік тудырма саф ұғымнан – салмақтан:
ғұмыр бойы келем мен топырағыммен «тартысып»,
тарту күші, болса олай – махаббаттар шарпысы!
Жаса, жаса, Жұмыр Жер!
Салмағыңа сай ұлға
бір үміт бер күніне,
тым құрыса айында.
Салмақтыны емес, сен, салмақсызды ауырла,
Салмақты бас – дән болар,
Жел, байқап ес, жай ырға.
Талқыңа сал, о, тағдыр,
Саулығымды ал,
Санамды ал,
Туған жерден тек мені – салмағымнан айырма!





Пікір жазу