ТИМУР
Жәрдем Тілековтың немересіне
Жұбанбайды бала жылап беталды:
«Атам қайда?
Шақырыңдар атамды!»
Ешқайсына көтертпейді еңіреп:
«Атам өзі арқалайды мені»,– деп.
Бір орындық оқшаулау тұр, әне, үйде,
Сол орындық ыстық білем сәбиге,
Қориды кеп орыны деп атамның –
Атасы енді отырмайды, әрине.
Бақырады қыңыр бала беталды:
«Атам қайда?
Шақырыңдар атамды!»
Атаға бір арыз айтып алмақ па,
«ата, аталап» жаутаңтайды жан-жаққа.
Ал атасы естімейді расында –
төмпек болып жатыр төбе басында.
«Атаң ауруханада ғой»,– деп алдап
үйдің іші отыр әзір амалдап.
Үлкендердің ұқпаса да қыр-сырын,
Сезе ме екен бір сұмдықты – көнбейді
атасының титтей ғана «қырсығы».
Шығады деп атаң ауруханадан
бүгін алдар,
ертең алдар,
бірсүгін
не айтпақсыз?
Жұбанбайды ол еңіреп:
«Атам келіп арқаласын мені»,– деп.
Ей, кішкене бүлдіршін!
Енді сені кім арқалар?!
Кім білсін,
Арқалайтын атаң сенің нар талап
жатыр бүгін топырағын арқалап.
Шындық осы.
Сені сипап маңдайдан
отыратын аңқау, адал жан қайран
өтті, бітті – барлық тірлік, бар майдан –
тағдыр солай мөрін басып, қол қойған.
Күні ертең-ақ ақыл жиып көп асыл,
бәрін өзің түсінетін боласың.
Ал, әзірше...
Жоқтатпа, жұрт, атасын,
арқалаңдар, атасының баласын!