03.06.2022
  233


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АЙТЫЛМАҒАН СӨЗ

Айтқым келді – айта алмадым – көсемсің деп
аспандағы жұлдызға,
айта алмадым – айтқым келді – әсемсің деп
ауылдағы бір қызға.
Тал, қайыңның жасыл шашы тарқатыла кеткенде
айтқым келді – айта алмадым – ғажапсың деп
көктемге.
Пікірімді іркіп қалған жасық кездер көп менде:
сондықтан да мезгіл мені қабылдаулар бөлмесінде
мөлитті,
кекілімді өсек-ғайбат жалынына
жел үйтті.
Сезінбей ме көрген күнін, әлде ерлік қып
жүр шыдап?
Қалай болған күнде де бұл ез деген сөз
былжырақ!
Айтқым келді, айтқым келді – былай қойшы
басқасын,
айта алмадым, айта алмадым асылсың деп
тасқа асыл –
дәл осында жатыр дейді ел маңдайыңның
қалың соры – қасқасы.
Айтар ем ғой Жұлдызға мен бағамды,
сене ме оған шын жұлдыз!
Айтар ем ғой сол қызға да – сене ме
көпті көрген құрғыр қыз!
Өтірікке келгенде біз кереметтей мылжыңбыз,
тым құрыса, мезгіл, бізді дәл сол үшін қынжылғыз!
Айтылмаған сөздер үшін алайықшы бір-бір жүз!
Бұл да өзінше бір сылтау ғой, нағашы!
Жақсының да, жаманның да бағасы –
тілден ұшқан сөзде емес,
Сөзге айналмай қалған ойда-ау, шамасы?!





Пікір жазу