03.06.2022
  216


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖАМАҒАЙЫН

Бәйек болам алдыңда, күтіп бағам,
жатып төсек,
аузыңа түтік болам.
Жібіте алмай жүзіңді, әуремін мен
ақ шуақтай көк тасты қытықтаған.
Есеп үшін еткендей құрметті мен,
көңілімді кетесің кірлеп кілең.
Жалғыз жан-ем сүйеген көпке арқасын,
көп боп маған жабылып өкпе артасың.
Көрпеңді – кір,
көңіліңді кем санасын –
кім сыйламас арнап кеп қонса ағасын.
Көктеді деп кінәлар ынжық-сайды,
қабақтарың қары жоқ шыңға ұқсайды –
Күн жарқырап тұрғанда томсарасың.
Ұнатпайсың бір сөзім, бір ісімді,
тілдеп бірің күйімді күміс үнді,
бірің сынап ас құйған ыдысымды,
терімді ішіп,
түгі жоқ деп кетесің,
кедейлігім-нің өзін өкпе етесің!
Өкпе айтысу бір мақсат, болса тірлік,
сапырайын мен-дағы, ал, сапырдық,
менің де «өкпем қазандай»,
сол қазанды
төңкерейін басыңа қол-шатыр ғып:
жалғыз едім студент кезімде мен,
біреуіңнен жылылық сезінбеп ем,
сонда сендер қайда едің, қайда ағайын,
енді неңе бұлдандың, айналайын?
Ауырсынып атаның бір баласын,
Жұрт едің ғой ішетін ұрлап асын?
Бірдеңесін өткізіп қойған жандай,
енді неңе бес пұт боп бұлданасың?!
...қой, ұят қой, әзіл ғой,
сол баяғы
ағайынның өкпесі болды аяғы.
«Ас құймаға-ның дұрыс итке сеніп»
көңіл адал болмаса бүйтпес едік –
хақтың өзі бұл сөзге қол қояды.
Сақалыңа ақ кірген талайың бар,
самайың бар көбіңнің, ағайындар.
Ұқпадың-ау бәрібір ештеңені,
Алмадың-ау бәрібір еске мені!..





Пікір жазу