03.06.2022
116
АЛТЫН КӨРСЕ ПЕРІШТЕ
Алтын деген жалғыз сөздің күші, үні
жалтақ етіп жібереді-ау кісіні –
тоғышарлық ойдың бұ да ұшығы,
соған енді, енді отырмын түсініп.
Ағай айтты – ұқпадым,
Абай айтты – ұқпадым,
Жарылғанша жүрегім
ойдың бойы өсе алмапты бір елі.
Періште кім жол шегер,
тайғақ дейді аяғы –
шын періште болса егер,
жолдан неге таяды?!
Бұзғаны да Алла алдында о да антын,
ақ пейілдің тартқаны да қаралтым,
періштені шынымен
қызықтырса сары алтын –
ауруына алтын ем,
құлқын құлы ғой надан.
Артист шығар бәлкім ол
періште боп ойнаған
пиғылы арам, әрі ақылы қысқарақ?!
– Періштені таяды деп кім айтты,
кім айтса да, суайтты
сабау керек еді әу баста ұстап ап!