03.06.2022
  181


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЭТИКА-ӘЗІЛ

Азаматқа сәлем беру – бір басқа,
Қызмет салу – бір басқа;
әзіл айтып шығайын деп жаңада өскен құрдасқа,
кіре ғап ем;
не болғаны белгісіз,
мына қы-зық-қа қараңыз енді сіз.
Өз-өзімнен қысылдым кеп,
ойлап келген әзілімнен өзімнің,
шашым өскен, самайымның жіпсігенін сезіндім:
Шынтағымнан демеп әкеп жай ептеп,
орындыққа жайғастырды ол,
бәйек боп,
хал-күйімді сұрап жатыр сарқыла,
бір жымиып әр сөзінің артынан.
Көрінетін сықылдандым көр-дөрекі көзге ерсі,
айту түгіл әзіл, қалжың сөзді ерсі,
мысы басты әлгі тәңір атқанның,–
«Өз халіңіз қалай?» деуге шақ қалдым.
Күн көрісін күрегімен құраған
былай деуші ед бір ағам:
жақсылардан хал сұрама, саулық тіле,
жақсы адам
болғың келсе, шаруаңа тап басқа амал,
Халін оның жақсы деп ұқ барлық кезде басқадан,
жаман болса – жақсарта алар жоқ шамаң.
– Саулық қалай?–
деп бастадым ойладым да өстіп мен,
бір езуі сәл қисайды:
– ауырад деп естіп пе ең?!
Әзіл қайда айтылатын жаңағы,
Әзіл түгіл, жай сезім де жоқ әлі
қанша іздесем зерде-зембілді індетіп –
ілінбедің тілге түк.
Өзім көрген қуға еліктеп бір сұйық
кетік тіспен күлген болдым ырсиып,–
бірақ үнім шықпай қалды,
тып-тыныш ед күллі әлем –
үн қатпады орындық та – ырғап ем.
– Көңіл күйің әдемі ме?– деп кенет
қалдым тағы өзіме өзім өкпелеп.
Этикамнан түк шықпады,
ұнатпай қос құлағын қайшылаған құсады ол
қауқарсыздар тақым артқан құр аттай.
Ажалдан да тайсалмайды күнде адам,
жоқ, дөңдікті батылдық деп бұлдаман.
Шаруамды айтсам – неге екені беймәлім –
бататұғын секілденді мүлде оған.
Әжім болмай өтсем деп ем жымиған бет-кескінге,
салмақ болып батпайыншы деген едім ешкімге.
Қай жағынан шығар екем деп тағы
талай сөзді айта жаздап тоқтадым.
Өз шамамша өлшеп мен,
ықылас-пейлін жаңа маған көрсеткен
бағаламақ едім бірер сөзбенен,
және соның қажеттігін сөзген ем.
Тағы үнсізбін. Әзіл қайда жаңағы,
мынау – сол ма,
дүние не боп барады?
Не батыр бол,
не жасық бол қор туған:
қиын не бар дүниеде сыпайы
жақсыларды ренжітіп алам ба деп қорқудан!
О, тапқырлық!
Келді кенет нағыз керек сөз, міне,
уақыттың тапшылығын сездіре:
– Сәлем беру міндет дедім біздегі...
– Рақымет,– жымиды ол,– келіп тұрыңыз,– деді.
Кінәлама, кеңкелес дос, тәйт кәрі,
шаруамды мен «қулық» сақтап айтпадым:
құрдасым ед қызметін жаңа алған,
сыпайылық мектебін бір тәмәмдар.
Жағдайына еті үйренер, тоқталар,
сәлемнің де сырын ұғар боп қалар.
Оған шейін менің шаруам жата тұрар,
жарығым,
Одан соң да жатады ғой бәрібір?!





Пікір жазу