03.06.2022
  109


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МАЙ-82

Тымырсық құр,
ауа жоқ – тымырсық бір,
сыбдырай алмай бұталар – ыңырсып тұр.
Асфальт жол да тесілді,
теректің қарт
тамыр тартқан жерінен сіңір шықты.
Қайың басы қураған құйын сын-ды,
солықтайды қой тас та бүйір сын-ды.
Жаңбыр түгіл, бұлты жоқ,
аспанды анау
аспан деудің өзі де қиын сын-ды.
Бар тірліктің бір аспан – қарағаны,
шаң да ұшады аспанға қарап, әне.
Шаң, шаң көше, жапырақ,
шаң, шаң бәрі –
арықтарда су емес, шаң ағады.
Мұның бәрі жалғыз сөз: құрғақшылық,
құрғақшылық!
Әй, мықтап бір қақсыдық.
Апрельде егілген жас шыбыққа
бүр орнына кетіпті тырнақ шығып!





Пікір жазу