03.06.2022
  283


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ГЕОГРАФИЯ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ПАСХИАРАЛЫН ТАНЫСТЫРУ

Пасхи аралы – қарт арал,
қарт деген құр атағы ғой далбаса:
кез-келген жұрт таба да алмас картадан,
географтар болмаса –
жері қатты, тар өте
сол аралда тас адам,
тас мүсіндер бар екен
қолдан шауып жасаған.
Аралда түк жоқ әлгі,
ел ескерер жоқ түгі,
әйгілі еткен аралды
тас-адамның көптігі.
Бір тас кісі дөңде тұр,
қол-аяқ жоқ, соғыстың
сарқытындай ол-дағы.
Тек басының көлденеңі он метр,
тонна-тонна, тонна-тонна салмағы –
Мызғымас қып, мызғымас
жасаған-ау шебер ел:
сырық керек биіктігі жүз құлаш
қолы болып таяқ ұстаса егер ол.
Қол-аяқ жоқ, аласарып тұр бүгін
амалсыздан Пасха аралын тұрақтап.
Аяқ бітсе Америка құрлығын
алар еді бір аттап.
Жүзі момын обалы не, обалы –
судың терең, тайыздығын абайлап,
маңқиып бір тұрар еді сол алып
Тынық мұхит-қа бойлап.
Беті анандай сақал-әжім қау-қалың,
мына баспен тас-мықты,
Азияның ала-құла тауларын
жастанар ед жастық қып.
Бомба жасап әңгіленген есегі,
Жунглиі қайнап жатқан аңы ұлып –
бір құрлықты төсеніп,
бір құрлықты жамылып,
Тажал құсап түрегелсе,
бар әлін
әйгілі етсе – көрінер ед күйі ерек:
бөрік етіп Мадагаскар аралын,
Италияны етік етіп киер ед!
Қой, қорықпа, жас достарым, әдемі
мүсіндерге біткенімен ерек бой,
сол әдемі кеуделерге әуелі
«жан бітуі» керек қой?
Бұ заманда өтіріксіз қараң күн,
обалы не, обалы:
тас-адамы «тіріліпті» аралдың
деген сын-ды сенсация-хабарды
Би-би-си де құрастырған жоқ әлі!
Сондықтан да тас-адамдар қатары
бұлжыған жоқ,
Пасхида әлі мекені.
Адамдар да кейде тас боп қатады,
кейде аңыз алып ұшып кетеді.
Жатпаса егер тыпыр қағып «тіріліп»
біздің кезде таңсық емес тас-адам.
Мәселе тек: неге осынша ірі ғып
тас адамды жасаған?!
Кім көріпті мүсіншінің заманын –
ірі болған шығар, бәлкім, адамы?
Осыншама айдалаға кісімсіп,
не көрді екен,
не ойлады екен мүсінші?!
Адам жаса-ған-да осынша ірі ғып,
іріліктен етті ме ол да бір үміт?
Тас шапқанда жығыла,
өзін-өзі осыншама көк тер ғып –
жұрттың ұсақ-ты-ғы-нан
көрген кісі болды ма әлде көп қорлық?!





Пікір жазу