КЕБІС
Етікшінің көбінен көңлі қалып,
көкем қолға ешкі ішек домбыра алып,
Құдай атын қуә ғып, тәңір атын
ымырт шақта әркімге шағынатын.
Бір кебісі симай ғап,
бір етігі
аяқ қажап ақсаңдап жүретіні
елге аян-ды;
жұрт соны біле тұрып,
аяған боп күлетін кіл өтірік:
– Езбе, десті, еңірейтін барлығына,
Сөз бе, десті, етіктің тарлығы да.
Шал бір күні төсектен ширақ тұрып
шеге жонды,
тарамыс шираттырып.
Ерлік етті, бір ғажап ер-іс бітті:
бір күн, бір түн отырып кебіс тікті.
Бір жаңалық бар еді тағы мұнда:
өзі шапты кебістің қалыбын да.
Бәрі бекер:
күл – бекер,
ая – бекер,
қарт өнерін сол кебіс аян етер.
Кебіс те емес,
қайқы ерін қайық шықты
анау-мынау өткелден таяп өтер.
– Тігіс қандай!
қайымы тегіс екен,
мұны тіккен, япырай, не кісі екен?!
Жиын-тойда жиырып табанына
түйе киіп билейтін кебіс екен! –
Сөйледі жұрт өңмендеп, өзереңдеп,
әзіл, мысқыл сөздерді көзеді өңдеп,
Көкем бірақ саспайтын,
күлетін жай:
– Шеберлерге қашан да сөз ерер,– деп.
Былғары да аз еді о кездері,
ғұмыр бойы түспеген өнер жолын
қартайғанда қаңғырып неге іздеді?
Қолы – жасық,
көңілі өжет еді,
өжеттігін жұрт әлі сөз етеді.
Кебісте емес мәселе,
нені болсын
істегенге өз қолыңмен не жетеді!
«Тәуекелге бір иек артпаған ұл,
ұл болмайды» дейтін қарт;
қарт талабын
енді-енді ұқтым,
тым құрса, «етікшіге»
ерлік емес, дедім мен, тартпағаным.
Өнеріңе, шебер дос, келем құлап,
өз қолыма көбірек сенем бірақ:
сюжеті бар тарыдай пышырлаған,
олақ қолмен жаздым мен үш роман.
Мына шіркін есер ме,
ұрттаған ба –
күлген сын-ды сонда өстіп жұрт маған да.
Баяғы бір қалып қой,
баяғы үлгі –
қысты етіктер менің де аяғымды.
Дайын қалыпқа әзір мен көніп келем,
көктетпеспін, сірә, ұзақ көніп те мен.
Өз шегемді қақсам деп түбі мықтап,
өз қалыбымды асықпай жонып келем.