03.06.2022
  133


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ

Көмір қаздың,
күй шерттің талай-талай –
не еліктей алмадың, не қайталай,
даралығы да емес-ау бұл тұлғаңның,
қырсығы емес өзіңше ұмтылғанның,
бір жұмбақ бар, мен үшін, елес мүлде –
түсінбейді сондықтан сені ешкім де!
Алашадан –
атадан қозғағанда
тумысың да жат емес өзге адамға,
бірақ сені өзімсіп ешкім,
ешкім
сөйлегенін мен ғұмыры естімеспін!
Себебі, сен бір түрлі,
бір түрлісің,
жүрегің – тас,
секілді сыртың – мүсін.
Сені ұқтырам демеймін мұны айтқанда
жағымпазға,
жалқауға,
суайттарға.
Сөзім бардай тіл-ұшы таңдайымда,
ойламайын десем де сен жайында –
қиялымды келбетің түртіп тұрар,
сиқырың бар бір түрлі ынтықтырар.
Көңілдендің сен мүлде ерек бүгін,
жұрт секілді,
сен де іштің – өрепкідің.
Сезем, сен де бізге ұсап күлмек болдың,
сол ниетіңнен көрінді бөлектігің.
Әзіл айттың кейідің талай-талай,
бездің бізден,
еліктеп, не қайталай
алмадың сен ешкімді,
содан-дағы
бір ортақтық сенен де таба алмады.
Бірге жүрдік бірталай мекенге ұшып,
төбелесіп көрдің сен шекең де ісіп.
Өзіміздің жігітсің,
он досының
ортасында отырған бөтен кісі!
Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі,
Бөтен кісі, сен жалғыз жетім кісі!
Сен – уақыттың алдына түсіп кеткен
радио-сигнал секілдісің.





Пікір жазу