03.06.2022
  99


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ИНФАРКТ

Аспан тыныш.
Ызыңдап оқ ұшпайды,
сөйлесеміз көп шаруа, көп іс жайлы.
Бейбіт күннің бейнетін сүйген жандар
Соғыс жайлы сөйлейді – соғыспайды.
Сөз де жаман,
пиғылдар одан әрі
бұзыла ма – жайсыз сөз оралады:
тіл байғұста жазық жоқ одан басқа.
әттең, тілден жазған ғой адам қасқа!
Сөзден баста,
шешендер, содан баста,
кейін, бәлкім, сөз – қару бола алмас та.
Соғыс деген сұмдық сөз тағы шықты,
кетті десек ол күндер оралмасқа.
Соғыс Соғыс!
Ядро!
Атом, атом,
атом да енді болыпты атылатын.
Бүйірімді жүр менің қарып атым,
бүтін де енді болыпты жарылатын!
Қыз-дүние, сызылған мінез қайда,
сен де ұрысқақ болдың ба, кәрі қатын?!
Кезің келер сенің де жарылатын,
байғұс жүрек,
сен нені сезінбедің,
сезіндірген мені осы өзің де едің.
Тасытқанда миыма қанымды айдап,
қай-қай тұсты бұзар деп қалың қайрат,
тоғаны әлсіз сушыдай көз ілмедім.
Болдың, болдың,
мықты бол, ақыр болдың,
сенсің менің жауға атар атом-бомбым.
Кардиолог шошынып кетті – мейлі,
инфаргің бір мәрте өтті дейді.
Инфарк өтті, орыны – зақым қалды:
жарылғанның, заманы-ай, атылғанның!
Атом-бомбы жарылса,
о да, бәлкім,
инфаргі шығар-ау атомдардың?!
қашан шаншып, білмейсің, тыз етерін,
ажалыңның жаз, әлде, күз екенін
болжау қиын;
бомбылар қоймасындай
көкірегімді күні-түн күзетемін!
Неше түрлі ұл таптың, аналарым,
ана арманын, ойласақ, бала бағын,
бір жүректің инфаргі – әңгіме емес
инфаргі болмаса замананың.
Ақылға – үміт,
артқан кез арға міндет,
жүрек үшін бәрі ауыр, бәр-бәрі індет.
Жапырақтай жел қаққан дір етпей де
жарылады деседі жүрек кейде.
Махаббаттан,
Еңбектен,
Қуаныштан
түсіңе енсе қара шың қыран ұшқан –
ондай кезде жарылса – арманың жоқ.
Ал, бір есер қолдарда ойнап атым,
кнопкалар басылса,
ойланатын
сәт қалмаса данаға, сараң саққа...
О, тәңірім, сақтасаң – содан сақта!





Пікір жазу