03.06.2022
136
ШАҚПА ШУАҚ
Бұлттан шыққан – күн ащы,
Жаман кісінің тілі – ащы
Халық.
Құт-береке қашып тұр,
бірі – етегін,
көкірегін бірі ашты:
жаман ерді жасытты
жаман әйел тілі ащы.
Шақырайып, шекені
шуақ шағып өтеді.
Ырсаң қағып қабырғаң
Ыссылаған не теңің!
Өртеп кетті-ау Күн деген,
шыны құсап күн көзіне шағылдың.
Қоңыр-қоңыр мұңменен,
қоңыр бұлтты сағындың.
Маңай күйіп-жұтады, ә?
Жаздың түрі!
Жақ ашпа:
жапырақ жоқ бұтада,
көлеңке жоқ ағашта.
Шыжғырып көп шуағы
шілде – батып барады.
Жаман тілдің, шырағым,
шағатұғын талай жазы бар әлі.
Тойып кетсе жұрт түлеп,
әрнеден бір мін тапқыш қой түрткілеп.
Күн бермеуші ед Күнге де әлдебіреулер
бұлыңғыр деп,
бұлтты деп?!