03.06.2022
  138


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АҚША

I
Желке, бұғақ – жалқылдаған құр ісік,
аяқтары құламауға көп тырысып, тырысып
ирек біткен;
әлі қаңғып жүр ішіп.
Балақ жеңін қағып алса – шығар еді
бір қап құм,
Бас терісін сойып алса – шығар еді бір ішік.
Көне жазба парағындай бет сарғыш,
Адам еді тарих-білгіш, сыр білгіш,
ғасырлардың құпиясын ақтарғыш.
Оқытқан-ды ел жігітті,–
тумысынан ойға, тілге бай еді.
Тарихқа тым күшті еді,
физикаға тоқталды.
«Маскүнем» деп сарғыш парақ-бетке әлгі
мөр бастырған – әйелі.
Бір кездері ақ «волгамен» жылжыған,
талай аға сипап еді басынан;
енді, міне, тау шағылған,
жасыған:
балағынап кіріп шақты бір жылан.
Азды азамат,
жүнжіді ал!
II
Ғалым еді,
еңбекқұмар жан әрі,
бар қызығым – еңбекте деп санады.
Ғылым – мақсат,
томдар жазды қап-қап-қап.
Жамандап та,
мақтап та
үлгірмеді ел;
тост айтты тек біреулер
дәм үстінде шатпақтап.
Пиғыл қандай жас дарында жақсы, асыл:
қызмет жасап жүрмін, деді ол, достарға,
ары әттең... өзін тани алмаған,
таныды тек дәрежесін – ақшасын.
III
Ақша?
әлемді сонша «бұзып» болса да,
ақша деген жаман да емес соншама.
Ақшаның да екі түрлі мәні бар:
бейнет шегер – тапқандар,
жұмсағандар – жаңылар.
Бізде – жер бай,
мөлдір, тыныш аспан бар,
ақша дейді тойып, асып-тасқандар –
төгілгенде әке, ағалар жас қаны
кім ойлап еді ақшаны!
Ғылым қуған жігіт үшін бір міндет –
ғалымсың ба бір жақсылық ашпасаң?!
Жігіт содан ойламады ешқашан
ақша тауып жүрмін деп.
Үміт, дәме зор мұнда –
арман болды пәндешілік орнында,
ей, ей, тағдыр,
арман қуған азаматты қор қылма.
Жігіт үшін өмір деген – формула:
машина да – формула,
еңбегі де – формула.
Ақша, атақ жоқ
формула бар, формула.
Ғалым – алғыр,
масқара
жүрек, миы – жас, дана.
Жары бірақ шақты бәрін ақшаға.
Алғашында сол ақшаны жасқана
жұмсаушы еді;
бірте-бірте еті өлді,
тоба, тоба, естімесін басқа адам:
аллергия болып бірде ақшадан
жас келіншек түшкірді де жөтелді.
Ер жігіттің ақша болды әр ізі,
ақша шашу болды әйелдің парызы.
Көзін сүзген біреулердің «қарызы»
шаңырақтың есебінен өтелді.
Жұмыс қайда?
Ақша жетед, жұмыс не,
әрі әйелдің сырқаты бар жіңішке,
бірер бала бар әрі,
ауру кісі баға алмайды баланы –
үйге жақын жерде балабақша бар,
мықтаса, о да ақша алар,
не бітіред – қолы жомарт, жаны асыл –
бақпаса егер сұлулардың баласын?!
Әйел сұлу:
көз – дефицит,
бет – үлгі,
осы күннің Қыз Жібегі секілді.
Базар болса махаббат,
базарда көп ұғым, пиғыл жат, ағат,
бала керек,
керек, керек бата да –
соның, соның біреуіне қарама
махаббатқа шөлдегенде қаталап.
Жу шашыңды,
сыла, сұлу, бетіңді,
өз еркіңде – қалай бұра кекілді.
Кейде асылдар «өтпейді» сол базарда,
базар үшін сұлу болу... аз ол да –
асылдардан саф-саф алтын секілді,
қашан болсын, арзандықтар өтімді,
айырады, әйтпесе, әйел нарқын не –
қалтасына қарайды ғой әркім де:
өзі әдемі, арзан тұрса керемет,
асыл іздеп не керек!
Көргенді елде күні кеше сіз барған
бұл әйел де бір кездері қыз болған.
қыз күнінде бие сауған, саз артқан
сол арудың... бұрымын
жігіт сорлы, жәндіктерден кіл ұры,
қалаға әкеп әрең сүзіп тазартқан.
IV
Орнын тауып ала білсе пара да – «ақ»,
Иесін тауып жаба білсе жала да –«ақ»,
ақ келіншек табады өстіп қанағат.
Танысы көп: әйел, еркек, жас, кәрі...
күйеуі ептеп,
ептеп іше бастады.
Сылтау да – ырыс,
Ырыс деген осы еді,
еңбек те осы еселі:
шешеді әйел формуласын тұрмыстың,
күйеуі тек физиканың формуласын шешеді.
Жолдама бар:
Қара теңіз, көк теңіз...
Жұмысы жоқ, ақшасы көп әйелдің
демалуға еркі жоқ па?
Сөкпеңіз!
Ақша – айыпкер,
ақша куә, мықты айғақ:
бұғаздардың бурыл суы бұтта ойнап
жүрген кезде не болғанын ұқпай ғап,
әйел бір күн күйеуін,
өз күйеуін өз үйінен шықты айдап.
келіншек ед – дама атанды бір күні,
«бала» атанды валеттердің түр-түрі,
корольдердің түр-түрі.
Пайда қуып пайым тапқан бар надан
пайда көрді түскен түйіншекті де
иесі жоқ арбадан.
Тіл ұшынан әзіл ырғып, сөз ырғып,
әркім тапты қолтаңбасын өзіндік.
Қызыл айыр ашты біреу көзір ғып,
енді біреу көзір ашты қарғадан.
Сізде де үміт, ұтам деген бізде үміт –
қане, ойынды жіберейік қыздырып!
Корольдердің аузын алды дамалар,
тайраң қақты валет біткен тұзды ұрып.
Ғылым қалды.
Ғалым, міне, жүр ішіп,
беті-жүзі бір қуарып, бір ісіп.
Әйелі – бай,
қайыршы еркек жүр қаңғып –
еңбегі мен елін сүйген арлы адам –
сыра-хана қалмады ол бармаған.
Айқасты әйел қызыл айыр тұзымен,
анда-санда көзір ашты қарғадан.
V
Еңбек еткен кісілер
ақша тапса сол еңбекпен ақ-адал
асып-тасу жат оған:
Нан – тәтті ғой былай да,
еңбегіңмен тапқан наның – тәттірек,
жұғымдырақ атаң берген батадан.
Түсініктер жаңсақ кетер кейде тым,
еңбек оты, жарқырай түс, жарқыра!
кім қараған еңбегінің нарқына,
кім дәреже санап көрген бейнетін!
Тар ұғым-сөз тарайды екен кімдерден,
тумай қойды-ау соларды атар бір мерген!
Тасса – тасар, меніңше, көп адамдар
өзгелердің есебінен күн көрген.
Ғалым, рас, еңбек етті, тапты ақша,
басқа біреу жұтты еңбегін батпақша.
Әйел – үйдің тұтқасы деп жүр атап,
расында, тұтқа болса – рахат,
біздің елдей әйелдерге бай елге.
Архимед шал арман еткен тұтқа еді,
тұтқа бірақ Жер шарына бітпеді,
қайдан бітсін көрінген жас әйелге –
еркектердің осал тұсын аңдымас
әйелдің де әйелі бар, болды рас.
Маскүнемдік емес-ау тек осалдық,
азғындық та боп алды
ойлантатын мынау ұлы қоғамды.
Сақта еркекті,
өзің сақ бол, әрі ақтал,
Құдай емес, қоғам-Құдай-жаратқан:
бай емеспіз, бізде қауіп аз әлі,
әйтсе де ақша көп тапқанның ажалы –
деседі жұрт әйелдер мен арақтан!
Түгел сене берме, достым, балаша:
өз басыма екеуі де – тамаша.
Тілегім тек:
өзіңдікі-ақ болсын арақ, жолдасым,
әйел бірақ – өз әйелің болмасын!





Пікір жазу