03.06.2022
  109


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚАҚПА АЛДЫНДАҒЫ ҚАРТ

Тау жақ шетте көк қақпа бар,
көк қақпа
ашылмайды деседі
анау-мынау тоқпаққа.
Қала үлкен ғой – ерсілік жоқ дәл мұнда,
бірақ сол бір жабық қақпа алдында
ақ бас қара шал отырды бір күні,
қасы түгіл, ақ секілді кірпігі.
Өтіп жатыр машинаның түр-түрі,
жаяулардың түр-түрі,
әр қайсысына бір иіліп солардың
күбір-сыбыр ететіні – күлкілі.
Жұмбақ бөтен – шешсе көңіл жай таппақ:
әппақ мұрттар не дейді екен – байқап бақ.
Сен бар, деді бір дос маған, таныссаң,
сен бар дедім мен біреуге,
данышпан
ғалым еді ол, қағып қалсаң арқасын,
алу-далу архивінен шаңы ұшқан.
Тағы бір дос байқап жүрген сыртынан,
бір бәле бар деп күлді
тарап жатқан мына шалдың мұртынан,
сөзі – қисық,
әрі ызалы шығар тым, –
жолы болмай өткен кісі бұ қартың.
Әрқайсымыз Шерлок Холмс боп ойлап –
шал сыртынан үкім кестік,
өзімізше пікірлестік нобайлап.
Көңілімізді алаң етті
қап-қалың
ылғи жабық тұратыны қақпаның.
Ол – бір жұмбақ,
шалдың түрі бір жұмбақ, –
сөйлескіміз келді біраз мылжыңдап.
Жасайтындай не бір қылмыс, бір ұрлық
ұрлана көз тастап қойып айнала
көк қақпаға бұрылдық.
Ақ мұртты ерні күбірлейді,
мәссаған,
шал айтады: «уағалайкүмәссәләм!»
Түрлі-түрлі жынданады-ау тегі адам, –
сәлем беріп жатқан ешкім жоқ оған.
Қарттың түрі салмақты әрі, әрі ойлы,
ойлы көзде жылылық бар арайлы.
«Уағалайкүмәссәләм!» деп сәт сайын
әркімге бір жалтаң қағып қарайды.
Әрнеге бір қарайтындай жақтыртпай,
жиі-жиі жыбыр қағад ақ мұрттар –
кәрі кісі – кіді деген дақпырт бар,
дақпырттарға сенбеу жөн-ау, сірә, аса,
білістік біз жөн сұраса, сұраса:
жақында елден келіпті қарт,
қол боста
қаладағы ұлға уайым болмасқа
көшіп кепті,
кемпірінің жылы өткен соң;
шал қасқа
қадыры артық кісі бопты жолдасқа,
ағайынға, кәріге де, жасқа да, –
бүкіл ауыл сыйлайды екен хоштана.
Тек көзі – кем,
құлақ – керең,
және оған
шүкір, дейді, қанағатшыл кәрі адам.
Ғажабы: қарт «сәлемшіге» балаған
жұрттың бәрін бетіне жай қараған.
Шағынбады ол,
шағынбау да бір сын-ды,
тек: «адамы аз ел-ау» деп күрсінді.
«Адамы аз ел?» – айып қой бұл сұрапыл,
астана үшін миллион адам тұратын.
Жалғызсырап отыр
көңлі құр алаң
біреу келер деп амандық сұраған.
«Адамы аз ел?» – рас шығар,
жаныңнан
іздегенде табылмаса бір адам?!
Ұқпайды, рас, қала елін ол,
тағы да
жалғызсырап жабығады, жабыға –
өзін-өзі алдап отыр қария
жұрт бермеген сәлемдерді қабыл ап.
Қала кінәлі емес шығар,
шал дағы
кінәлі емес,
кәрілігі – болғаны.
Емес қой ол шыбық, не гүл-қызғалдақ,
көктемесең – көктем күні де ызғарлы-ақ!..
Бұрылдық деп, Сізге сәлем бергелі
қош айтыстық, ақ мұрт қартты бізде алдап.
Көше – тығыз,
автобустар тым ыссы, ә,
әсіресе асыққанда жұмысқа?!
Сәл кешіксең – өрт шығардай кеңсеңде,
ұмтыласың бұрынырақ енсем деп
шала ашылған есіктерге жан сала.
Қой, қой, достым, бос орындық аңсама:
бір аяқтап сиясың сен,
сонда да
үзілетін түймелерің қаншама!
Қайтқанда да – түрің әлгі, күнің сол,
жығылатын жер таппайсың – сүрінсең.
Жұрт та – өзіңдей:
ұмтылады есіктерге екі елі,
сен – қағасың,
ол да – итеріп кетеді.
Тірлік осы.
Өзге өмірге ықылас
бірте-бірте жоғалары ып-ырас.
Қала халқы, қарап жүр ме сонда да,
сонда дағы сіңіре алсаң жұтып ас –
бір-біріңнің жүйкеңді қаз, шұқылас!
Бір терминнің мәнін ұқтым жақында. –
сөз емес бұл УРБАНДАНУ хақында,
уақыттың миға сыймай заңы әлі,
қарсы қою да емес, қала, даланы.
Бірақ сол қарт отырған жоқ тас қарап,
қала – басқа,
ауыл әлі басқарақ:
көшелерден сәлем күтсе кәрілер
таң көретін жігіттердің бәрі де ер
еңбегіне,
оқуына жетік, паң,
ал, қарттарды балаларын оқытқан
жағдай бар әрі күтер, әрі емдер –
күтімің сол, емің де сол – сәлем бер!
Қала ғой бұл, ауыл емес қалғыған:
бұрылып кеп кәрі көрсе алдынан
аман-сауын шай пісірім сұрасып,
атпен желіп жөнелетін қыр асып.
Әйтсе дағы...
Оқыған ұл, көк қақпа,
кәрі әкеңе қонақтарын жоқтатпа.
Елдегі бар, десек-дағы, бар мұнда,
көрпе, киіз жаймай-ақ қой шалғынға.
Жұмысты ойла,
халін ескер шалдың да:
сен – қалаға кірген жансың,
кәрі әкең
отыр, әне, әлі ете алмай тәуекел,
ауылын ойлап қалалардың алдында,
қақпалардың алдында...





Пікір жазу