ПЕНДЕШІЛІК ХАҚЫНДА
...Самолет апатынап қаза тапқан
азаматтардың үй-іші, жақынжарандарына көңіл айтамыз.
Газеттен.
Аялдама,
ымыртта қайғы айтады жас әйел,
кетпей-ақ тұр желге ұшып самайдағы шашы әрең.
Қаралы екен жүзі тым,
әттең, қолдан келсе ғой
азаматтық, ат үшін бір жақсылық жасар ең.
Сақалындай текенің сатал екен тек шашы –
образдар, оралма,
теңеу біткен, тоқташы –
көлегейлеп шындықты көрсетпейсің сен кейде,
төменірек түсейін – тұрмыс жатқан деңгейге.
Тәкаппарлау бет-жүзін мұң жасытқан мұншалық,
әйел тұрды бір қартаң танысына мұң шағып.
Қарағанда хабарға ұшып жеткен қай күнгі:
ұша беріп бір лайнер қанатынан қайрылды.
Талай бөрік құлайды,
жел астында шашы ұлып,
сол бөріктер ішінде бастар кеткен шашылып,
бір бұрқ етіп ақ лайнер жарылғанда шашырап –
көріп тұрған бір жастың жапты дейді шашын ақ.
Қара түтін шалшып бір шыққан шақта аспанға,
қара тастың көзінен ақты дейді жас парлап.
Қарынынан қақырап жарылғанда көп сандық...
есепші өліп,
есебі аман қапты тоқсаңдық.
Апат басқа,
мұң басқа,
қалжыңыңды айт құрдасқа:
Бәлкім, байтақ ел үшін қайғы боп бұл қырмас та,
бірақ, бірақ «тас – түскен жеріне ауыр» деседі,
бір үй үшін бір өлім – апатпен тең есебі;
бір-бір деталь айтады ел бас шайқаса сырласса –
көзілдірік сау қапты мылжа болған бір баста;
қар жұлынып қызықтай,
қаңқа біткен қаусап бар
жатқан шақта, әлдекім дүнияуи дау соққан.
Жыртылған жең, жағаны жеңіп біткен
жауша ақтар: сағат салған білектер...
сақиналы саусақтар...
Жетер!
Күйкі беттерді қызартам деп арзандап,
адал жандар, тимейін көңіліңе маржан-бақ.
«Мақсұт – алыс, ғұмыр – шақ»,
ей, қарындар, жұмыршақ,
аңдып тағар айып көп айтары бар адамға:
Айту қиын мұндайды,
айтпау қиын одан да.
Көп бақытты үйлерге қайғы әкелді сол апат,
қара әріппен терілді көп лауазым, көп атақ.
Қастық еткен жоқ ешкім,
аулақ, пиғыл көмескі –
бомба жарған жоқ ешкім,
табиғаттың заңындай ең ежелгі, ең ескі:
атқан сын-ды жанар-тау ақ аспанды күл езіп,
жер сілкіну сықылды ерен еді бұл өзі,
өлім де емес жастықты – немене еді бұл өзі? –
Цивили-за-ци-яның жай кіділік бір мінезі!
Екі жүз үй әйтеуір қаза көрді, қайғы алды,
сонша сурет жиегін қара лента айналды.
Тал ыңырсып ән салған тымырсық шақ,
Кешқұрым,
сол қазалар хақында мен бір сұмдық естідім:
Өлі білектен біреу сағат шешкен жұлқылап,
өлі саусақтан біреу сақина алған жылтырақ.
Жіп керілген, жұрт қоршап,
апат орны – сол аула
ұшырады деседі ақ сәскеде тонауға.
Мола сыйламағанды кешірмеуші ед ескі ырым,
сол моланы, тонаушы, жаның неткен жексұрын,
дір етпеген жүректер, қаның неткен жексұрын,
«пәндешілік» деген сөз, мәнің неткен жексұрын!
– Пәндешілік,– деді әйел,–
айтты көрші шал маған,
ұстап көрген жай ғана,
күйеуім түк алмаған.
Жылады әйел мұны айтып қос өкпесі солықтап.
Содан кейін...
жөнелді автобусы келіп қап.
Жалап кетті ішімді ыза деген бір күшік,
жүрек – тамырды үзердей,
төбе шашым тұрды ұшып!
Тұңғыш мәрте жаныма дарымады қайғы әлгі,
«ату керек!» деп іштей жасадым бір байламды.
Қайғысына әйелдің қарап тұрып қатайдым,
әділдікті мен неге қаталдық деп атаймын?!
Сенде,
сенде өшім бар,
көзімде улы күлкім бар,
топырақтан басқаға тоя алмаған құлқындар!
«Бүлінгеннен бүлдірге алма» деген сөз әділ,
әттең, әттең, әділет, сенің де бар өз әлің:
кей қуатты шеңгелде жыртылсаң сен жең болып,
ешкім сілкіп тартпай-ақ мен – жаға боп тозамын,
Қылмыс деген – қылмыс қой,
ауыр ұғым немесе,
жазаламау қылмысты – ауыр қылмыс он есе.
Біздің елдің заңы әділ,
биік әділет деген,
қылмыс атты ауруға – жаза дейміз еткен ем.
Түршіктірер түрме аты түгіңді де,
бірақ, ал, тоқшылықтан тозып құр,
тоқымынан құлаған
тойымсызға әлгіндей түрмені де көп көрем!
Өскен жұрт ек ақ тілеп,
ұят күтіп адамнан,
ақ тірліктер басталған дастарқаннан, тағамнан:
Сен де кейде талғамсыз боп кетесің, ырыс-бақ,
қарай алмай қаласың, қайырым, сен де дұрыстап,
арам көме-кей-лерден кейде өтесің, адал нан!
Адам, пәңделігіңмен келіспеймін бүгін мен,
кешір, әйел, қайғыңды бөліспеймін бүгін мен.
Қатты батты, себебі, жаба салу жауызды
пәндешілік деген сол жексұрындық ұғыммен.
Пәндешілік пиғылдар мінсе Адамды ноқталап,
араласпа, тіл мен жақ,
ноқталыны ақтама.
Көрдіңіз бе ақтаудың жаңа түрін ноқтаны:
«пәндешілік...
алмаған, ұстап көрген тек қана».
Әрқашан да осылай осалдықтың мінезі,
ойлап көрші оңаша: осалдық па бұл өзі?
«Ұстап көру-дің» өзі – жанып тұрған жауыздық,
асамақ ед жауыздық алақанын ауыз ғып –
көріп қойды көпшілік,
көз де «жауыз» масқара –
көз жоқ дейді олар шын ұрылардан басқада?!
Көз бен көңіл тазармай,
тазарады қол қайдан,
арамдық пен адалдық!
О, баяғы сол майдан.
Мола ақтарған – ауыр жай,
одан да ауыр қылмыс бұл;
қылығы емес қыңырдың,
қысымы емес тұрмыстың,
өзге – тұрсын,
өзі-өзін алдағаны үшін де,
«ұстап көріп» ештеңе алмағаны үшін де,
соттау керек әйелдің ерін мықтап!
Пір тұтып
сезімдерді өскен ек,
сол сезімді үркітіп
алмау үшін: әйелдің қайғырғанын кешір тек,
тек кеңшілік жасама келіншекті есіркеп.
...Сонау жылдар
бес қадақ тары ұрлаған аш ана
айыпталғаны әйгі еді.
Тарих қайда?
Тасада.
Соны ұмытқан пәндеге – пәндешілік жасама.
Қолдары емес алаған,–
заманымның Заңы әділ,–
соттау керек, алдымен пиғылдарды, заманам!