03.06.2022
  123


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Көршіге ауды көп пішен...

Көршіге ауды көп пішен,
сиыр алар кісі көп,
жылқы кірді қалтаға тиын болып кісінеп.
Екі-үш түйе, қой-ешкі,
қыстау, қора шөбі ескі,
ақша болды көгала,
бірақ байлық емес-ті.
Көшті, десті ел, қара емен қартайғанда ел ақтап,
ақ бауыр бұлты ауылдың жел алдында далақтап
шөкті кеп бір жыраға, –
Алатауда жыра көп,
бір құласа бұлты да қайтып шықпас бір әдет, –
түз тағысы – қарт қыран тауық болды қонақтап.
Тұрмыс жақсы керемет,
келін-әкім күштесе.
Мұздыбайға қала елі
кіл әкім боп тұратын.
Бәрі дайын, ертеңге қалар іс жоқ – істесе,
қиын жұмыс: шай сайын жуылатын үш кесе.
Қала кісілеріне болар ед шай ішпесе
құптаса егер бала-әкім,
келін-әкім күштесе.
Қара бурыл атының жалын тартып мінгендей,
шеңгелдейді кәрі қол – қалтадағы ақшадан,
қайырқол жан қария,
жөтелмесе – жақсы адам.
– Көке, көлік алып ем, көрімдік бер, – деді ұлы,
қалбаң еткен қарт байғұс – машина екен көлігі.
Ат үстінің желігін бір аңсаған,
құдірет:
машина да желді екен –
мінгені бар бір рет.
«Ерде мін жоқ» деп еді – жазып қалды бала, әне,
«ермегім жоқ» деп еді – келін жерге қарады.
– Көке, ермек көрсеңіз... – күмілжіді бірде ұлы, –
біздің қолды байлап жүр қызмет деген құрғыры,
малы жоқ жер...
дүкен бар...
шаруасы көп түрлі...
– Мен бармын ғой, қарағым, –
– Мұздыбай қарт жөткірді, –
Қолқабысым сол болса,
оған шама бар әлі, –
деп қария тор ұстап томпаң қағып барады.
«Берекені» табады,
келін мәз боп жетілді, –
иттің ақылдылығын мақтан еткен секілді,
көрші әйелді көзге ұрар әңгіменің тапты ебін –
оқығанмен сонша өзі, ақкөңіл-ау, ақкөңіл.
Қарт ас үйге «дәнікті»,
газ жағуды және ұқты,
сөйтіп, келін-балаға зеректігін танытты.
Мұздыбай қарт тек, әттең, күпті көңіл бір түрлі,
келін, бала кеш сайын күттіреді бір түрлі:
театр бар, кино бар,
қонақтық бар түр-түрлі –
боз «Жигули» бір боздап салып жүрді бүлкілді.





Пікір жазу