МҰЗДЫБАЙ ҚАРТ
Қара еменнің басына мұздақ тұрып қалыпты –
күн көзінде сол мұздақ құбылып тұр, жанып тұр.
Табиғат – бай, мұзы да көп қырлы ғой, көп қырлы,
мұзға қарап көп қырлы Мұздыбай қарт жөткірді.
Қара-бурыл емен тұр қар-қабақта қасқайып,
қайсарлығы – қайраты,
таға алмайсың басқа айып.
Мұздыбайға айып жоқ – қартайғаны ғана сол,
қаза көріп жақында ортайғаны ғана сол,
Қырау басқан емендей бурылдығы болмаса,
кемпірінің барында қайратты еді ол да аса.
Қара бурыл мұрты, әне, малмандай мұз,
малмандай,
Қара еменге қарайды ол тұмақ бауы жалбаңдай.
Қара еменге қарап ап мұз қаққанмен мұртынан,
қайрат құрып, бойында
қайсарлығы қалғандай.
Өзгермейтін не бар ед мына бурыл жалғанда:
қыста мінер қара аты – қара бурыл болды ол да.
Қара еменнің түбінен қыстау салған «күшті» ғып,
түтін атса мұржасы – ататұғын ышқынып.
Түтіні де қайрат боп көрінетін бір түрлі,
құрықтың қыл бауындай өрілетін бір түрлі.
Қарайтын қарт еменге – қайрат алар тәрізді,
қартаймасқа содан бір айла табар тәрізді.
Жылқышы еді әйгілі –
бітті бір күн айла, амал:
емен қалды ауылда,
құрық қалды пайдадан.
Жалғыз қалған әкесін қаладағы ұл жалғыз
Әкелгенде көшіріп – қарсылап ап тұрғанбыз.