МЕНІҢ ТОПЫРАҒЫМ
Саған да керек топырақ,
Маған да керек топырақ,
топырақ керек басқаға,
тікен боп көктеу үшін де топырақ керек, масқара,
Салқыны ұрып «сайтанның»,
«жынның» желі қақса да,
топырақтың киесі қақпауы үшін, жақсы аға,
үркітпеу жөн құстарын,
көбелегін жасқама!
Бөтен ойым жоқ, тегі,
бөлектігім тек менің:
мен – бала боп туғанмен,
шыбық болып көктедім.
Бір көктемде бүр шашқам,
Күн астында көгердім,
сарғайтқанда бір күз кеп
жапырағымды төгермін.
Көп шайқалдым дауылда,
зілзалалар соқты үдеп,
көктем лебі – ептірек,
құйын да ұрды көк тіреп –
майысқаным болмаса,
маған қауіп жоқ емге:
бұтақтарым – биікте,
тамырларым – тереңде.
Күн әкелді нұр-шуақ,
бұлт әкелді жел күреп,
таң алдында шық қонды жапырағыма мөлдіреп:
көкейдегі тазалық, мөлдірлік те көздегі
содан шығар, өзімдей көретінім өзгені?
Шық көзімен қарасаң, дөп-дөңгелек төңірек –
танымың аз сондықтан,
таңдануым көбірек.
Көрдің бе, әне, бұтаның қалқияды құлағы,
әлденеге шық көзі таң боп қарап тұр, әне!
Біздің үйдің алдында тұрды жалғыз қара ағаш,
бір көктемде көктемей қалды әлгі ағаш жалаңаш.
Отаушылар қаланың көктемейтін ағашын
өтіп жүр-ау байқамай мына ағашты, шамасы?
Жапырақ жоқ басында,
көлеңке де жоқ онда,
жалғыз өзі алып тұр бір үй салар алаңды,
не пайда, деп сөйледім, осы ағаштан адамға.
– Інім, – деді бір аға ақ мұртының астынан, –
рас, бұның бұтағы баяғыда-ақ қақсыған.
Айналаның бәрінен пайда іздеуге тырыспа,
шығының жоқ,
ағашты өз тамыры тұр ұстап.
Қара ағаштың тасқа өскен қартайғанын сын ғып-ақ
қартаюға бола ма?!
Қайың, талдың сыбдырап
Көгергені, көкешім, осы шалдың арқасы!
Сыйлаған жөн қарттарды,
Шыбықтарды қорғаған сол қартыңның қаңқасы,
жас шыбықтар көп төмен
мынау қара топырақтың қабағынан көктеген,
қара ағаштың осынау балағынан көктеген.
Иілмейді сондықтан жел-дауылға әлек боп,
сескенеді сезімсіз балталыдан ғана ептеп.
Құлайды ғой өзі де – сән бұзады шал қанша,
тұрғаны да тұқымы тамыр тартып алғанша.
Құлай қалса қазір бұл дауыл ұрып шын ұлып,
анау ағаштардың да көбі кетер жығылып.
Құласа егер мықтылар –
құлайды ғой дұрыстап,
Ал, әзірше мұны да мықтылығы тұр ұстап!
Қара ағаш, сен де емен бе ең?
Емен – мықты дегенмен
жапырағы болмаса
мықты емес-ау ол да аса.
Әйтсе де емен сынбасын,
құламасын жай тұрып,
бітпеуі үшін мықтылық жайлы аңыздар айтылып.
Өскен жан ем мен-дағы мақтау жұтып, бата ішіп,
кетті содан тамырым емендермен шатысып.
Өзім жайдым тамырды,
өзім өстім дегенмен,
нәр күткендей топырақтан – сүйеу күттім еменнен.
Шуақ күткен кезімде – шуылдаған көктемде
көлеңкесін түсірер жапырақтылар көп менде,
Тек күз түсіп, суық жел ұрған кезде азынап,
жел жағыма шығатын қара емендер – азырақ.
«Жоқ» дегенді жек көрем!
Ей, киелі топырақ!
Сенен бөлек тынысым, тіршілігім жоқ менің,
маған қымбат сондықтан күз бен жазың, көктемің:
мен – бала боп туғанмен,
шыбық болып көктедім.
Мен де өйткені еменше ерегісіп өскен ем,
Ымырт шақта самалға сыбырмен-ақ сес берем,
Қорықпаймын сондықтан қанжарлыдан қанқұйлы,
топас қолдар ұстаған балталардан сескенем.
Таңырқама, бұ қалай кетті екен деп күшті өсіп –
балшық емес, тамырым таспен жатыр тістесіп.
Қане, шығып қал, шыбық-тал!
Тағдыр туса бұралаң –
Мен қашан да сендердің жел жағыңа тұра алам!