КӨШЕ
Көміп кетті торғайлардың шырылын
сым гуілі,
моторлардың гүрілі.
Қайда қара: машиналар ағылған,
жарыс болып жатқан сын-ды бір ұлы.
Біреу газет,
біреу торын ұстаған –
көпірлердің асты да адам, үсті адам,
әрлі-берлі жөңкіген жұрт асығыс,
алаңдар кең асфальттармен тыстаған,
уақыт, әттең, қысталаң.
Тормоздары жанұшыра шырқырап
машиналар светофорлар алдына
солқ-солқ етіп тоқтап жатыр;
ал, мына
көшелердің қимайы исі бұрқырап,
жуып кетіп жатқан сын-ды шаң исін.
Кеңітіңдер, тар көшелер далисын!
Нан буына пісіп кеткен солықтап,
тар көңілдер, сен де кеңі, кеңіп бақ!
Алдымызда не күтіп тұр, не күтіп?
Бетон – ыстық,
қап-қара, әрі оғаш, тар
тротуарға қашып шықты ағаштар –
Мир көшесін жатыр білем кеңітіп.
Жаңа алаңды,
бұрылыстарды бұлтақтап,
ауыр ватман-доңғалақтар жүр таптап:
жай топырақты жаншып жатыр.
Ой көптік
етпейді екен – бітірмесең сөйлеп түк.
Тек әйелдер жеп-жеңіл жүр,
киіп ап
көбелектің қанаттарын көйлек қып.
Қалың гуіл,
сол баяғы бір ырғақ,
милиционер ысқырығы шырылдап,
«былай бұрыл!» дегенді әрең тұр ымдап.
Машина – ұшқыр,
шофер біткен ызалы,
ым-дым түгіл, бұйрықты да бұзады:
талондарын тескізеді,
бір сыбап
әлдекімді.
Тәртіп деген қырсық-ақ.
ГАИ әлек тәртіп орната-мын деп,
сол тәртіпке өзі де әрең жүр шыдап.
Асфальт қысқан ағашқа да обал-ды,
ағаш та ептеп ыңырситын боп алды.
О, машина-уақыттың әмірі,
сырттай көрсең – бәрі мықты, бәрі ірі.
Айналаның бәрі жылтыр,
бәрі – тас
қайдан нәр ап лүпілдейді тамырым?!