03.06.2022
  125


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Түн қапалы...

Түн қапалы,
көңілде Күн қапалы,
Заман зарын
зар илеп тыңдатады.
Жартасына
жалғанның жаңғырығып,
Ұйқылы-ояу
жүрегім үн қатады.
«Тыңда!- дейді,
Құдайдың құл-құтаны!..
Өмірді өлім
Шабақтай қылғытады»..
Шыбын жаның
Шырқырап ұшқан кезде,
Тіршіліктің
Сынады бір бұтағы.
Күн сөнеді,
көрсоқыр қараңғылық,
Сары уайым
сарнайды санаңда ұлып.
Төрт аяқтан
тірлікті тауысасың,
Жаратса да
Жаратқан Адам қылып?!
«Қысқа ғұмыр
қамшының сабындай-ақ»,
Өте шығар
өзіңе бағынбай-ақ.
«Балтыр сыздап,
басыңды ауыртатын»
Уақыт Сенің
қайтеді бағыңды аяп?!
Артым тұман,
алдым өрт сияқтанып,
Жәбірімнен
келемін жиі ақталып...
Домбыраның
үнінен дауыл тұрып,
Қара қобыз
Сарнайды күй ақтарып.
Тұлпарым тұр
табандап,
тұяқ талып...





Пікір жазу