03.06.2022
145
Сағындым Айыртауымды...
Сағындым Айыртауымды,
сіркіреп жауған жауынды...
Балалық шақтың базары
сағындым туған ауылды!?!
Сағындым Ұлан даламды,
Асығын атқан алаңды.
Құлыншақ күндер құлдырап,
Алдандыр туған балаңды.
Қайғысыз,
ойсыз күндерім,
Өткізген өмір бір керім!
Қанатқан балғын балтырды,
Қараған, бұта-бүргенің.
Көбелек қуған қырларым,
Сәбилік шақты ұрладың.
Жапырақ жайған тал-қайың,
Жүректе қалды сырғалы үн.
Табанды тасқа тілдіріп,
Бұтаға балақ ілдіріп,
Тау-тасты кезіп күнімен,
Ойнадық тайдай дүрлігіп.
Сары құм сартап шағылдың
Арасын кезген сағым мұң...
Алыста қалған бұлдырап,
Күнәсіз күнді сағындым.
Мендегі қалған мұң ғана,
Жүрек те бітті жырлана?!
Кекілін күнге сүйгізіп,
Жүгіріп өтті бір бала...