03.06.2022
138
Құшағында құмығып
Құшағында құмығып
қара түннің,
Ой орманын аралап
таң атырдым.
Шырмауықтай
шырмалған шабытыма,
Талды талай
топшысы қанатымның.
Қонақтаған
қияға қырандайын,
Қосағынан
айрылған сыңардайын,
Қайырымсыз,
қайырлы күндерімнің
Күдерінен
үзілген жыр арнайын...
Жұмыр Жерден
таба алмай тиянақты,
Қияндарды
қиялым қиялатты.
Күндерім мен
түндерім тізбегінде
Өткен өмір,
өзекте ұялапты?!
Балалық пен
жастық шақ алыстады,
Қариялық
жігерді жаныштады.
Соңғы кезде
шыбыным шырқырайды,
Аңсайма әлде
ұясын ғарыштағы?!
Өмір өтті дейміз-ау,
өтпегендей,
Еңіретіп
көзден жас төкпегендей?!
Ағып түскен
жұлдыздай жоғаласың,
Жүрегіңнің
жалыны жетпегендей.
Қалмағандай
басыңда Ой ізгі түк,
Таусылғандай
думанды Той-із бітіп...
Отырасың
омалып ошағыңда,
Жолаушыдай
вокзалда пойыз күтіп...