03.06.2022
124
Тауға қарап
Тауға қарап
түлейді тау ұланы,
Санасында
сағыныш-ауыл әні.
Жалындаумен
жалында жырларының,
Жазиралы
жүрегі ауырады.
Өтті өмір
тірліктің тізбегінде,
Өшіп қалған
қара жол іздерінде.
Әлсіреген
жүрегі ауырады,
Көлеңкесін
түсіріп күз көңілге.
Асқақтаған
Айыртау түске енеді,
Менсінбеген
мүсіркеп кішкенені...
Тағдырының
тамыры-туған ауыл,
Тарыққанда
жүрекке күш береді.
Тәңірідей
туған жер құдіретің,
Асылым– Сен
алдыңда жүгінетін.
Іліп қойдым
сәт сайын көрейін деп,
Қабырғаға
Айырдың сүгіретін.
Әлсіреген
Жүрекке дем береді,
Туған жермен
тынысың емделеді...
Қиналғанда
тірліктің қиясында,
Ауылыңның
ауасы– ең керегі!..