03.06.2022
  124


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өзектен өткен өмірім – бұл...

Өзектен өткен өмірім– бұл,
Жалғанға жауып жаласын.
Көңілдің көгі көгілдір,
Шыбының ұшса барасың.
Өкпеңді алып қолыңа,
Саларсың зікір естірлік.
Қаратпас оң мен солыңа,
Өмірдің соңы– бес күндік.
Өксіктің улы өтін іш,
Күйдіріп күннің қанатын...
Өмірдің соңы– өкініш,
Көмусіз жетім қалатын.
Артыңда қандай із қалды,
Көрінер, бәлкім көрінбес.
«Бай асын байғұс қызғанды»,
Тіршілік– дұшпан, өлім-дос.
Тірлігің–арбау, алдаумен
Өтеді өксіп қас-қағым.
Шырқырап шындық шарлаумен
Шаршап кеп шағар тасқа мұң.
Күлтегін тастың тамшысы
Иілген басқа куәгер...
Тимейді тірлік қамшысы
Көзіңді ашпай туа да өл!
Шаттығы шашу шашатын
Пәруейсіз жанға көңіл гүл?!
Ойлының қарны ашатын,
Өксікпен өтер– Өмір бұл!..





Пікір жазу