03.06.2022
  134


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Күн еңкейіп...

Күн еңкейіп,
көлеңке ұзарады,
Қоңыр күзде
қоңылтақ дүз-алабы...
Қайтқан қайрат,
шаршаған шама-шарқы,
Тіршіліктің
көздері қызарады.
Ақ селеудің
сақалы желпілдейді,
Жанарында
жалқы жас мөлтілдейді.
Қиялының
қанаты қырқылмаған
Тіршілікті
үміті өлтірмейді...
Күркілдейді
кеудесі Күз деміне,
Жалтақтайды,
Жастығын іздеді ме?!
Ақ тұманда
адасып арманы жүр,
Тіршіліктен
тамырын үзгені ме?!
Күн батады,
көлеңке жоғалады,
Қабарады
түнек–түн көкалалы...
Сонау қырда
сорайып сұлбалары,
Көрінеді
марқұмдар молалары...





Пікір жазу