03.06.2022
97
Шындықтың
Шындықтың
ширатылған шытырманын
түсінбей,
ұпайымнан ұтылғамын.
«Жауырды
жаба тоқып»,
Жалғанымның өтірік-өсегіне
тұтылды арым.
Андызын ауыздықтап
арынымның,
Құдайсыз күндеріне
жұтылғамын?!
Ескексіз қайықтайын
қалтақтадым,
Жете алмай
жағалауға жалтақтадым.
Сезімім селт етпеді,
көрсе-дағы
Түтелеп тамырымды
тарқатқанын.
Сарғайып сары белден
сығырайып,
Атады әрең-әрең
Сартап таңым.
Пенделік пәруейдің
перделерін
Сыпырып тастай алмай,
көрге де ендім...
Саңырау санама да
сәуле сіңбей,
Төбемнен Тәңір болып
төнбеген Күн.
Шырмалдым
ширатылған шымылдыққа,
Еншімнің екшей алмай
ең керегін...