03.06.2022
124
Арманым жоқ сияқты
Арманым жоқ сияқты
енді менің,
Құдайдың салғанына
көндігемін.
Төменге көз тастаймын
бір биіктен,
Көрем бе
өмірімнің өндігенін?!
Демедім,
есерлікпен ұрынайын,
Шашуын шашты аямай
шұғыла Айым!..
«Су іштім ауыздықпен»
айыз қанбай,
Мен қайтып бұрыс тартып
бұрылайын?!
Арманның ақ білегін
ақ таңыма
арттым да,
бағыт бұрдым баққа мына!..
Құдайды
«шүкірлікке» шомылдырам,
Жүрекке өлең отын
жаққанына.
Көлпілдеп
Күн астында көбелектей,
Есірдім «ертегіге»
ебелектей.
«Етімнен
ет кесіп ап жатса-дағы»,
Масайып
жүре бердім елең етпей.
Сарғайып
сән кетсе де сая бағым,
Салғаным-сақиналы баяғы әнім?!
Тірлігім
«тақияма тар келсе де»,
Өлтірдім рухымды,
аямадым...
Қарамай ауылға да,
бауырға да,
Көндіктім жеңілге де,
ауырға да...
Білмедім
таусыларын тірлігімнің,
Қалды артта
көшкен құм мен жауыр дала??!