03.06.2022
  119


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Үңгіген өзегімнің

Үңгіген өзегімнің
үңгірлерін,
Ақ бауыр,
бар ма сенің бір білгенің?!.
Қуықтай
қуысыңда ойға батып,
Естимін
ескі әуеннің күмбір лебін.
Жазу ма,
сурет пе,
таңбасы ма?
Сыр бермес құпиясы
жанға ашыла.
Қойшының
қыстауы боп Бауыр жатыр,
Жұмбағын
басып алып жамбасына.
Бабалар
тіршілігін таңбалаған,
(Мән бермей өте шығар
аңдамаған)
Елеусіз
еріккеннің ермегі ме,
Мазасын
маужыратқан маң даладан?!
Бабамның жайлауы ма,
қыстағы ма,
Арманның
жете алмаған ұшпағына?!
Таңбасы
тарих боп танылатын
Түріктің
тірлігінің тұспалы ма?!
Ақ көбік терге малшып
ат сауырын,
Ғалымды алаңдатқан,
Ақ-бауырым...
Ойнаған бала-шаға
атын жазып,
Отардың тұяғында таптауырын!?





Пікір жазу