03.06.2022
  180


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Он бесінде толған Ай секілденіп...

Он бесінде толған Ай секілденіп,
Бесігінде бақыттың жетілмедік.
Жағаластық, жармастық жағасына,
Итергенде ит өмір жетім көріп.
Баланы да қинаса қиямет жыл,
Кетеді екен көкбетке етің де өліп?!.
Қыс суық, жазда ыстық,
Қиналамыз,
Мектепке боқша асынып жиналамыз.
Жаңылмай он саусақты санап берсек,
Бір дәптер,
Бір қарындаш сыйға аламыз.
Арқалап апарады, әкеледі...
Мектептен жетпістегі Би – бабамыз.
Қолқылдақ көн етіктің қонышынан
Басамыз күртік қарды тоңы сынған.
Жамаулы күпәйке де жауратады,
Қай заман кедейіне қол ұсынған?!.
Сірнелеп сәбидің де сезімдерін,
Қуаныш аунап кеткен қонысынан...
Өмірден күдер үзіп түңілдік те
Демеймін,
Уайымға үгілдік те?!.
Боздаған боз інгендей аналардың
Көзіне жан ысытып үңілдік те,
Осылып ойынымыз,
Ойнап кеттік,
Балағын балалықтың түріндік те..





Пікір жазу