Төрт бұрышты...
Төрт бұрышты,
Үш бұрышты хаттарды
Қалмақбай қарт сұрыптады,
Ақтарды...
Есенгелді ауылына арқалап
Бара жатыр,
Жүректе аза батпан-ды.
Төрт бұрышты хат – хабаршы қазаның,
Пошташыға тарттырады азабын.
Ауылдасқа, туыстасқа естірту –
Құдай салған ең ауыры жазаның.
Азаматын өліге қарт қимайды,
Қасіреті кеудесіне симайды.
Жесірлер мен жетімдерге естірту
Үшін ауыл ақсақалын жинайды.
Қара қайғы
Ызалы кек қопарып,
Қара орманы түбірінен оталып
Жатқан кезде,
Жесірлердің көз жасы
Қасіретті тастады әрі қотарып.
Бірін бірі жұбатады күш беріп,
Тіршілігін тындырады тістеніп.
Көз ілініп кеткен кезде шамалы,
Азаматтар мазалайды түске еніп...
Хабар келсе,
Жылағанға жұбаныш,
Үміттерді алдандырар уаныш...
Күйеулері тірі екенін естіген
Әйелдерді қолтықтайды қуаныш.
Күн батады шапағына оранып,
Ай туады уызына торалып...
Біз де ұйқының құшағына енеміз,
Сүйретпенің қос өгізін доғарып.