03.06.2022
  156


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Білмеймін

Білмеймін,
Жарты әлемді өрт басқанын,
Мен онда кішкентаймын,
Төрт жастамын.
Білмеймін,
Жұмыр жердің үстінде адам
Мылтықты
Бір-біріне оқтасқанын.
Білмеймін,
Аспан неге күркіреді,
Әйтеуір,
Суық еді бұлт реңі?!.
Сол жылдар менің дағы,
Анамның да
Үзілді жүзімізден күлкі лебі.
Білмеймін,
Әжем неге аңырады,
Қарт кеуде
Қуыс үйдей қаңырады.
Жиілеп
Қара құзғын – қара қағаз,
Әркімнің құлап жатты шаңырағы.
Жүдейді жүзі сынып сұрлы аспанда Ай,
Кеудесін қайғы керіп,
Мұң басқандай...
Арулар аруақ боп,
Ақсақалдар
Қалжың да қағыспайды құрдастардай.
Жылатты
Қара қағаз – қара құзғын,
Жанары жасқа толды анамыздың.
Отадық көк егіннің арам шөбін,
Жеткенше әл мен қуат, шамамыздың.
Тағдырдың салғанына таласа ма,
Күдікке
Үміт түсті арашаға!..
«Бәрі де майдан үшін!»
Ұранымен
Күн кешті үлкен-кіші,
Бала-шаға.
Ілініп сіңіріне үмітінің,
Жесірлер
Жеңіске арнап күні-түнін,
Ауырдың астыменен еңбек етті,
Аман-сау келу үшін жігітінің.
Жиырма, отыз жастың арасында
Жігіттер түсті барып дара сынға!..
Тартылды таразыға тірліктегі
Бұйырған бересің де,
Аласың да...
Қуат-күш
Сарқылса да арнадағы,
Күдіктер үміттерге жалғанады.
Түбіттен тоқылған көп шұлықтар да
«Жеңістің күніне» тек арналады.
Біздің де шаттанбады наз үніміз,
Кімге кеп тиіп еді жазығымыз?
Отадық егістіктің арам шөбін,
Қатырма –
Бір жапырақ азығымыз.
Тұрмыстың соғыс тоңын тонап алды,
Қайғы-мұң кеуделерде қораланды.
Көз жасын сүрткім келіп апалардың
Қолыма сан ұстадым орамалды.
Сұмдықтың сезінбедім дертті аспанын,
Білмедім
Жұмыр жерді өрт басқанын?..
Астында ақ жаңбырдың асыр салған
Мен онда кішкентаймын,
Төрт жастамын...





Пікір жазу