03.06.2022
  124


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Саяжайда саяқсырап жүрген – мен...

Саяжайда саяқсырап жүрген – мен,
Сырласамын аралармен, гүлдермен...
Қырға шықсам, ауыл иісі аңқиды
Қараған мен тобылғыдан, бүргеннен.
Шығарып сап көкжиекке күнді өрген,
Қиялымды қауыштырам түндермен.
Тыным таппай шырын сорған аралар,
Шоқ гүлдерден тәтті дәмін таба алар.
Өзегіне қызыл гүлдің жабысып,
Жұмырына жинайтыны сара-бал.
Қауымының қамын ойлап қиналған,
Бал арасы –
Керуен көңіл қара нар.
Қызыл ерін қызғалдақтар керіліп,
Таңғы шаққа тамсанады емініп.
Қызыл-жасыл көйлектері көлпілдеп,
Самал сүйіп, сайрандайды серілік.
Жапырағын жайнамаздай жайғанда,
Шашылады өлең мен жыр төгіліп.
Сырлас етіп аралар мен гүлдерді,
Көңіл көншіп, жүрек жылып үлгерді.
Аспан асты, жер үстінде жұмақты
Жапырақтың жүрегінен кім көрді?!
Саяжайда саяқ жүрген кезімде
Мен гүлдермен,
Гүл менімен түрленді.





Пікір жазу