03.06.2022
131
Қараңғы үйде қара мысық
Қараңғы үйде қара мысық
қабырғаны тырмалап,
Көбесінен қан-ағызды
тас тұяғын жұлмалап...
Темір тордың тегеурінін
түсінбеген мұңлыққа
Тағдырымның төбесінен
тіршілігі тұр қарап?!.
Қараңғыда қос жанары
От шашады жарқылдап,
Қапастағы сасық ауа
қылқындырар алқымдап.
Өтін алып көмейіне
құйып жатса қырсығы,
Қамау тері құйылады,
Өне бойы қалтылдап.
Қорқау қасқыр тісін қайрап
Терезеден торысын,
Алла да жоқ,
адам да жоқ
ұсынатын қол ұшын!?
«Мысыққа да ойын керек»
болмай қалды бұл түні,
Кесілгендей тілеуі де,
кесілгендей жолы шын.
Қараңғы үйдің іші-сырты
түнектігін білмеген,
қара мысық түнек тінін
өзегінде күрмеген...
Қандай қиын,
қара түннің құшағына
тұншығып,
Өз жарығын өшіруге үрлеген...