03.06.2022
  142


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Қара мойыл...

Қара мойыл,
қарақат пен бүлдірген –
мөлдірейді,
Күн сәулесін кірпігіне ілдірген.
Туған жердің
жуасы да тәтті екен,
Таңдайыңа
татпаған соң кім білген?!.
Бармақтайын
тошаласы тұщымды,
Тікеніне
саусақтарым қышынды...
«Аңсап келіп,
ауырттың-ау қолыңды»
дегендейін
жемістерін ұсынды.
Итмұрынын,
доланасын,
шәңгішін теріп жесең,
толады екен әл-күшің.
Үркітесің
қонақтаған бұтаға
Айыркезең
алабының аң-құсын.
Қымыздығын,
Саумалдығын тамсанып,
Қуат-күшті
жинап қайтам қаншалық!?
Жемісінің
ащысы мен тұщысы
Тал бойыңа
Жібереді жан салып.
Әлсіреп кеп,
қуаттанып қайтамын,
Сенсіз менің
күнім жоғын байқадым.
Сен аман бол,
айналайын,
Туған Жер!..
Байлығым да,
бақытым да,
байтағым!!!





Пікір жазу