«Туған ай-тураған ет» таусылады...
«Туған ай-тураған ет» таусылады,
тұғырдан таймайды тек тау шынары.
Сырғанап шыңнан төмен қыс келеді,
Уақыттың етек-жеңін қаусырады.
Қымсынып қоңыр тірлік қыңсылайды,
Шымбайын шарасыздық шымшылайды.
«Бұтаның қорғалаған басын торғай»
Күн ұзын ұшып-қонып тыншымайды.
Сырғанап таудан төмен қыс келеді,
Талайын тағдырлардың күштегелі.
Сықырлап сүйектері тал-қайыңның,
Өзен, көл арнасында тістенеді.
Шықшыты сары аяздың бүлкілдейді,
Тұншығып тұманға Алтай күркілдейді.
Уысында уақыттың умаждалып,
Есіктен шығар мезгіл іркілмейді.
Уақыт іркілмейді,
Тоқтамайды,
Тірлікке құрық салып ноқталайды.
Айналған диірмендей дүниенің
Арын да,
Абыройын жоқтамайды.
Жетесі желінгендей кездігімнің,
Мәресі мағұлымсыз мезгілімнің?!
Қызық пен шыжығына қуырылған
Өзекті өмірдегі өз ғұмырым.
Туған Ай-туралған ет таусылады,
Маңымда маужырайды маусым әлі.
Етекке таудан төмен сырғанайды,
Мезгілдің мейірімсіз жаушылары…