03.06.2022
145
Жалғыз аққу
Көгілдір көлдің бетінде,
Қанатты желдің өтінде,
Сұңқылдап үні сыбызғы
Аққу жүр ұқсап жетімге.
Қарайды маған қиылып,
Қараймын мен де сүйініп.
Жалғыздың жаны жаралы,
Көңілі жатыр күйініп.
Тарттың ба тірлік тұманын,
Ұмытып өмір жыр-әнін?!
Жүзесің жалғыз неге сен,
Сыңарың қайда, сыңарың?!
Көзіңде қайғы тұрса да,
Сұлусың неткен мұншама?!
Арудай бейнең өшпейді,
Көкірек көзін жұмса да.
Сұлуға жаным дәмелі,
Сұқтанған тірлік әлемі.
Жоғалтқан жоғын іздеген
Жалғыздығың да әдемі!!!
Тілгілеп бетін айдынның,
Мөлдір де мөлдір жайдың мұң.
Бойыңды жеңілдетейін
Жартысын берші қайғыңның.