03.06.2022
  123


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Махаббаттың періштесі

Махаббаттың періштесі
өр кеудеме орнаған,
Түйсігімнің тамырларын
өрмекшідей торлаған
ауылымды,
іздеп кетті көңілім,
Сезімімнің сабасына
толмаған.
Шығарып сап,
шалажансар қалғанмын,
Аңқау арман,
аңсарыңда алдандың.
Жыландының
жусанының иісін
Қарттығымның
қаужауына малдандым.
Таста қына,
бұрқыраған жерде мүк
борпылдайды,
буынында жел-кемік.
Әлі тұр ма
Шуылдақтың
бойында,
Сағыныштың
Сар терегі тербеліп?!
Мөлдіреген
қарақатын, мойылын
теріп жемей,
тыншымайтын тойымым.
Әлі жүр ме
базарында балалық,
қандыра алмай
кенже қалған ойынын?!
Ойнағым да
кеп тұр саған қосылып,
Қиялымның
қанатында жосылып...
Қайран, көңіл,
қартаймайды екен ғой,
Сағымдайын
Сарғайтса да бос үміт.





Пікір жазу