03.06.2022
  129


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ұйқыдан тұрған махаббат

Ұйқыдан тұрған махаббат
Ашады көзін тырмалап...
Шашпаса нұрын шапағат,
Жан-жүрек қалай жырламақ?!.
Ұйқылы-ояу қалпымен
Қаңбақтай кетті домалап,
Саңырау сана салтымен
Жынданса жігіт, обал-ақ...
Албырттық елең-алаңдап,
Адасып қалды ақылдан...
Аранға арман арандап,
Жем жеді түбі ақырдан.
Ұйқысын шайдай ашпастан,
Қыр асты,
Соқпақ жол жүрді...
Досы жоқ, жау жоқ қастасқан,
Көрмеді көңіл мөлдірді.
Кенеттен...
Оқыс бұлқынды,
Жанарды қарып бір жарық.
Сартап болған жұртыңды
Тобылға түлеп, бүр жарды...
Айнала әсем, әдемі,
Жанаттың жұпар бағындай!
Көктемнің күні кәделі,
Елес боп өткен сағымдай.
Лапылдап жанды жүрегі,
Дөңгелеп кетті жұмыр жер...
Жігіттің жаны түледі,
Өдмейтін енді Ғұмыр бер!
Махаббаттың алдында
Адамдар,
Тізе бүгіңдер!!!





Пікір жазу