03.06.2022
93
Аңқамның аңқылдаған кенезесі
Аңқамның аңқылдаған кенезесі
Кеппейді,
Жусанымның иісі барда...
Санамның саңылаулы терезесі
Кірлемес,
Кінәратсыз сүйсін, Алла!
Көмейім ауыз ашсам көрінетін
халде жүрмін,
өрлемей төріме тым.
Тілінген таспадайын тіршілігім
Қамшының өріміндей өрілетін.
Талақ қып дүниенің таңсықтығын,
Жалғанның жалғандығын жаншып бүгін
Жүргенде,
Сары қымыз сапырусыз
Қалыпты,
Босағада қаңсып күбім.
Қымызы көңілімнің пісілмеген,
Шұбаты шуағымның ішілмеген...
Тамыры тіршіліктің салқындайды,
Қысымын қалыбына түсірмеген.
Өмірде маңайыма жоламаған
Ләззатты жолықтырам түсімде мен?!.
... Неге???...