03.06.2022
  82


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өмірді де…

Өмірді де…
ойламас өлімді де,
Есігі ашық дүниенің көңілдіге.
Қоңырауын күнінің күлдіретіп,
Жүрегінің толады төрі гүлге.
Таң атырып,
Шабыспен
Түн баласы күн батырып,
Тынымы нұрға тұнып,
Терлеп-тепшіп тірлігі түрегелер,
Қулық қуған күнімен құрғатылып.
Ашық оның әр қашан көңіл көгі,
Ыдысынан ырысы төгілмеді.
Ойламайды-ау тым құрса ертеңін де,
Жел көтерген жейдесі жеңілдеді.
Жоқ сыяқты жұрты да,
Ортасы да,
Жоқ сыяқты сұрары, қолқасы да.
Езуінен жүреді күлкі арылмай,
Тойып алып тірліктің сорпасына.
Мына өмірде бары да, жоғы-дағы
Аңдалмайды,
Күркелеп қоңыр бағы.
Өрісіне ертемен барады өріп,
Шаңы шығып шашадан жолындағы.
Ойсыз, мұңсыз жандарға қызығамын,
Ескермейтін қыс қамын, күз ылаңын?!
Көкірегі ұйқыда, көзі ояу
Пенделердің тірлікте «тұзы қалың».
Тұзы жеңіл жандардың жаласы көп,
(Жарытпайды жиен боп, нағашы боп).
Өмірді де,
Ойламас өлімді де,
Тұрсам ба екен орманның ағашы боп?!
Мына өмірден бересі, аласы жоқ.





Пікір жазу