Жалғыздық
Көз ұйқыда,
Көңіл ояу күйдемін,
Сағым қуып сүйегімді сүйредім.
Сар даланың жалғыз жортқан саяғын
Үйіріне қоспай, тағдыр, түйредің.
Үйір де жат,
Үйелмені бөтендеу,
Тірлігіне артық міндет көтер деу.
Болмаған соң сайда саны,
Құмда ізі,
Мүмкін емес жалғыздыққа еті өлмеу.
Еті де өлді,
Тірлігі де тыншыды,
Қиылғандай қияметте қыршыны.
суалған су сорабынан сораптап,
Қыр астында күтіп тұрды қырсығы.
Сені көрдім,
Жабырқаған, жалғыздық,
Домалатты тағдыр басты қарбыз ғып.
Қос аяқтап теуіп шықты аңыздан,
Қара қосты қай ұрыға алғыздық?!
Ұйқылы-ояу шалажансар күйдесің,
(Сала алмаған жейдесінің түймесін).
Ойың өріп жүрсе-дағы өрісте,
Сен, жалғыздық, өзің, туған үйдесің.
Отырасың өткеніңнен азық ап,
Қыр астында жастығыңның жазы қап.
Алаң ашық қалған есік-терезе,
Кіріп-шығып жел ғана жүр азынап.
Жел күрсініп,
Түн қабағы қамыққан,
Ай қорғалап сығалайды жабықтан…
Періштеге айналып ап жалғыздық,
Өліп.. өшіп табылады табыттан…