Көңілімде қоңылтасып қоңыр күн...
Көңілімде қоңылтасып қоңыр күн,
Күн кешемін тірлігіндей момынның.
Тобығымның шашасынан шаң кешіп,
Арасында келе жатам тобырдың.
Шыға алмаймын шеңберінен «шындықтың»,
Сырласуда шайтанды ұқтым, жынды ұқтым.
Жұмырымды жылан жалап тұрған соң,
Тіршілікті талғамай-ақ қылғыттым.
Есті өмірдің есігінен енбедім,
Ессіз тірлік есектерін жемдедім.
Күйкіліктің күн-түніне құл болып,
Арасында келе жатам пенденің.
Өлгендерін жоқтауменен өтірік,
Тірілерін мадақтауменен көпіріп,
Ақ ниетті қара қожалақтадым,
Құдай берген қасиетті кетіріп.
Көкіректе сайтан ойнап, жын да атып,
Той жасаймын тамашасын жырғатып.
Жылу іздеп жарығынан жұлдыздың,
Қара түнге кете барам шым батып.
Адасумен орманында ойымның,
Тіршіліктің тамағына тойындым.
Ұйқы меңдеп бара жатқан сияқты,
Салқындатып қан тамырын бойымның.
Қуаныш-мұң,
Реніш-мұң,
Шат та – мұң,
Туыс та – мұң,
Туған да – мұң,
Жат та – мұң!..
Дүниенің дүрмегіне ілесіп,
Кешіп келем пенделіктің батпағын.