03.06.2022
  102


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тағдырлас

Қазақ пен қасқыр дос та емес,
қас та емес,
Өмiрiнiң өзегiнде бақсы – елес...
Бiрiн – бiрi алдамайды, арбайды,
Жауығуға бармайды,
Тектiлiктiң тұғырын иемдену – басты егес!
Қазақ пен қасқыр сырлас та емес,
мұңдас та...
Адам тiрлiк бiр басқа,
Қасқыр - тiрлiк бiр басқа.
Екеуiне ортақ тағдыр – еркiндiк,
тағылықты төркiн ғып,
серт етедi иiлмеске, сынбасқа!
Қазақ пен қасқыр түндерi де,
күндерi де даң құрдас,
Тiрлiгiнiң түбiр тегi тағдырлас..
уақыттың уысында қансырады,
аңсады,
сай – сүйегi қақсады,
Бiрақ жауға бөлтiрiгiн алдырмас.
Қазақ пен қасқыр ұқсас қимыл,
Қылығы,
Жүрегiнiң жамалмаған жұлымы.
Алтайынан алыстамай жүредi,
Алтайында түледi,
Қиналғанда көкке қарап ұлыды.
Қазақ пен қасқыр қайсарлықта
торалып,
Жер бетiнен кеткен емес жоғалып...
Төрт бұрышқа төркiндейдi,
қайтады
Тәңiр - құстың мекенiне оралып.
Қазақ пен қасқыр өтiлiнiң
өтелмеген өтеуi,
Кеттi талай тұрмыс – тiрлiк кетеуi...
Өмiр бойы қатар жүрiп қиыспас,
домбыраның екi шегi – екеуi.
Қазақ пен қасқыр
өнбес дауды қуыспас,
Бiр – бiрiне жылымаста суыспас...
ұқсамайды жаратылыс жамалы,
бiрақ үнi,
Күнi, түнi туыстас...
Түбiртегi – таңбалы үңгiр,
қуыс тас...





Пікір жазу