Сібе көлдері
Бескөлдің бетегелі жағасында,
Сібенің сылаңдаған сағасында
Жатасың,
Жағаң жайлау, төсің қыстау,
Жұмақты бұдан бетер табасың ба?!.
Көктауым керегедей керіледі,
Көк тасы қыз жүгіндей өріледі.
Етегін көлге малып салқындаса,
Шыңдары бұлттан биік көрінеді.
Көл беті жарқырайды айнадайын,
Айдынға сүт сәулесін жайған Айым.
Түрленген тоты құстай тобылғысы,
Көмкеріп жатыр «Танаш сай» маңайын.
Шаштарын сәмбі талдар суға малып,
Таңсәрі сай ішінде бу қамалып,
Сандуғаш сайрағанда саясында,
Кетеді жүрегіңді думан алып!..
Жалт етіп ақ айдында қанаттары,
Шалқардың нұрмен ойнар шабақтары.
Сұқтанып сұлулықтың сымбатына,
Күлімдер күміс күннің қабақтары.
Сайыңда салқындайды сар самалы,
Қытықтап сезіміңді қарсы алады...
Тарғыл тас табанына тамыр жайып,
Саусағын салалайды аршалары.
Жүргенде жалғаныңнан жұтып қайғы,
Тұсыма тұскиіздей тұтып Айды...
Жанымды жадыратып,
Көк жусанның
Иісі танауымды қытықтайды.