03.06.2022
  115


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Арылу

“Айғайшы” болдым,
Ана тілімді ардақтап,
Саналы ойды сараға салдым салмақтап.
Жанартау болып жарылуға да шақ қалдым,
Кеткенде кесір ұятты ұрлап, арды аттап.
Қара түндерде қара қайғыны сіміріп,
Сарытап болған санаға сырды сіңіріп,
Тұңғиық ойдың түбіне табан тіредім,
Тістедім тілді, әңгүдіктерден түңіліп...
Дауыс та қылдым...
Ана тілімді жоқтадым,
Ордалы ойға қуаттап жүрек оттарын.
Түтіндеп өмір,
түңіліп көңіл кетеді,
Жетпеген соң тобырға қайғың,
топқа мұң.
Жаушы да болдым,
даушы да болдым, алыстым,
Қайратты қайрап,
жігерді жанып, қарыстым!
Құлшылық етпей күйкілік тірлік күніне,
Отына күйдім ұяттың, ардың, намыстың.
Шарқай кигендер шаңын шығарды төрімнің,
“Жуас түйені жүндеуге жақсы” көріндім...
Ашуым асау ауыздық тістеп алқынды,
Ұяттан күшті емес деп құны өлімнің.
Тәубәсіз тағдыр төбесіменен көк тіреп,
Асымды ішіп,
табағын сыртқа тепті кеп.
Ана тілімнің таңдайға татып тамшысын,
Жарқылдап жайдай үйірді қамшы отты Кек!
Қажыды қайрат,
жасыды жігер, шаршадым,
Түтіні түзу ауылдың үйін аңсадым!
Айыртауымның қойнына кіріп,
алаңсыз
иісін еміп жатсам ба жұпар аршаның?!
Алаңдамаймын бұл күнде абыр-сабырға,
Тасымай қаным талмаусырайды тамырда...
Жағасы жайлау,
кеудесі қыстау қазағым,
Тек тілін тістеп,
табжылмай отыр тағында.
Бұлдыр да бұлдыр,
көкала түтін көз алдым,
ішінде жүрмін құйрықты құйын тозаңның...
Жапырақ жайып,
жас өмір шешек атқанда,
Тамырым кеуіп,
топырақ татып тозармын!?
Отты күндердің өкініші болып
озармын...





Пікір жазу