Санаға сенім сүйеніп...
Санаға сенім сүйеніп,
Көңілге күмбір күй еніп,
адасқан ақыл ауылға
оралды босап жүйелік.
Кеуденің ашып дарағын,
Жусанын иіскеп даланың,
Көкірек көзі кеңіді,
Қойнына кіріп бала күн.
Ұланның ойнап шабағы,
айдында асыр салады.
Уыста салқын суменен
тамшылап тағат тамады.
Маңдайын сипап тау лебі,
Күн көктен шашты сәулені.
Көтерем көңіл күпсініп,
Оралды ойын-дәурені.
Аңқасы кепкен жібіді,
Қотарып қоңыр күбіні.
Құлаққа ұрды кісінеп,
құлыншақ күндер дүбірі.
Ағынға еріп аңсары,
Малталап ойын тамсады.
Шегіртке шырыл қағады,
Шық түсті шөпке таңсәрі.
Бетеге, көде, жусанды
төсеніп,
көңіл бусанды...
Қылыштай өткір кездері
кескілеп жатты қу шалды.
“Келмедің неге ертерек,
Еліктей еркін еркелеп?!.”
Табалап жатты туған жер,
Жетесіз жанды желкелеп.
Түскенде қырау шашқа анық,
Мазасыз бір мұң қашты алып...
Ұйқыға кетті қам көңіл,
Сағыныш сазын жастанып...