Ұланым ұлағаттың ұясындай
Қаз қонған,
аққу ұшып көлдеріне,
Бетеге, жусан біткен белдеріне.
Ұланым ұлағаттың ұясындай,
Өмірдің өзек болған өрнегіне.
Бескөлім бойжеткеннің жанарындай,
Шыңдарың сұлулардың анарындай.
Айыртау, Көктау, Қалба қолдан соққан
Найманның қаһармандық қамалындай.
Сандықтас – сар жайлауы сағыныштың,
Сапырып сары қымыз қанып іштім.
Қиялым қияндарға қанат қағып,
Балапан арманымды алып ұштым.
Сібенің салқын суы сылдыраған,
Бұрымын бұлғақтатып мың бұраған...
Шағылып шұғыланың шапағына
Сағаның сауырынан нұр құлаған.
Кір жуып,
кіндік кескен тұрағымсың,
Аузында ақындардың жыр-әнімсің!
Жалыны жүрегімнің әлсіресе,
Бойыма қуат құяр Ұланым шын...
Тауларың, төбелерің, шоқыларың
жаныма жыр құяды оты қалың.
Жарыңда жалаңаяқ жүгіргенде
табаннан өтті ыстық топырағың.
Базарым өтті сенде бұла күнгі,
төсеніп жусаныңды, құрағыңды...
Шарлайды ойым жер мен аспан астын,
Жүрекке орап алып Ұланымды.