Ескі жұртта
Таусылмастай көрінетін қызығы,
Сыңғырлаған күмістейін қыз үні…
Елес болып есте қапты бүгінде,
Жібек жіктей жас дәуреннің үзігі.
Сайдан құлап аққан асау жылдардың
Жылғасында жасырынып сыр қалдың.
Сағынышы самал желмен жөнелтіп жатқан,
Жастық дауысыңды тыңдар кім?!
Балалықтың басып тұрып сүрлеуін,
Сағыныштың шештім баппен күрмеуін.
Мүмкін емес ескі жұртқа оралып,
Бал дәуреннің соқпағымен жүрмеуім.
Есенгелді есігінен ентелеп
енген кезде,
Сағынышты ерте кеп,
Ауылымның алақаны аялап,
Тосып алды сар самалы еркелеп.
Қол ұстасып самалменен қырды астым,
(Тұғырында туған елдің тұрмас кім?!)
тоза-тоза топыраққа айналған
ескі жұртта елесі жүр құрдастың.
Елесі жүр Нұрбанудың, Майданның,
Жаңбырдан соң жаялығын жайған күн.
Көз алдымда балалығым тіріліп,
Бара-бара сәбиге өзім айналдым.
Жүре бердім желге беріп бетімді,
Күн қақтады күлдіретіп кекілді.
Қара бала отыр өгіз үстінде,
Қара қос та сол қалпында секілді.
Көз алдымда кетті ауыл жанданып,
(Толып жатыр ақ бидайға арба нық).
Көзім жұмып,
қиялыма көміліп,
Ескі жұртта тұрмын елеске алданып.