03.06.2022
  106


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

О, туған жер...

О, туған жер,
Дей алмаймын «кеш мені»,
Пақырыңды пасық бір ой төстеді.
Ындынымның ұңғысынан ұшқан оқ,
Тұр денеңді көктей өтіп тескелі.
Туған жоқ ем шеңгеліммен қан ұстап,
Қала алмады жүрегімде намысты ап.
Ындынымда ынсап болмай бүгінде,
Жер-анасын бара жатыр жаныштап.
О, жер-ана,
Садағаң боп кетейін,
Парызымды қалай саған өтейін?!
Ындыныммен ымыраға келе алмай,
От-жалынға өртенеді көкейім.
О,жер-ана,
Кешпе мейлі, кеш мейлі,
Мынау ұрпақ өшпейді де өспейді…
Қайтармаса жылан басын ақ құйып,
Жылы орнынан жұрт жаңалап көшпейді.
Ошағында сөніп қалды от үнім,
Артқа шашып күлі менен қоқымын.
Сүйегіңді саудыратып саудалап,
Босағада бордай тозды «соқырың».
Ақ сүтіңді ақтай алмай мұңлымын,
Сұмпайының тұсай алмай сұмдығын!!!
Қасіреттің қақпанына түскенде
Кете алмадым болып сенің құлдығың.
Шырақ алып түскен сенің соңыңа,
Құдай атсын мені-дағы, оны-да!!!
Келер ұрпақ кебінімді шешіп ап,
Дүре салып жатар ма екен соңыра?!





Пікір жазу