03.06.2022
  124


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Алтайым

Алтайым,
алабыңды аралайын,
Жанға әл,
Жүрегіме нәр алайын.
Жапанда жасыл желек жайқалады
самырсын, қайың, шырша, қарағайың.
Тамсантып таңқурайың таңдайымды,
Саясын ұсынады мама қайың.
Шалғының шалғауына шалындырып,
Мазамды марғауына малындырып,
Жұмақты жамбасыма жаймалайды,
Қойнына құлағанда әлім құрып.
Сезімнің селкеулігін ширатады
Түріктің тегіндегі дарындылық.
Терең сай,
құлама құз,
жыраларың
нұсқайды сірі-сүрлеу бұралаңын,
Табаны тастан тасқа тайғанаған
бұлақты жетелейді бұлаң-ағын.
Сірнесін сағыныштың сықтырады,
Алтайым,
алтын бесік, нұр алабым!..
Бұқтырма бас асаудай арқыраған,
Сарына сайын түнде сарқыраған...
Беделдің бетегесін бөрік қылып,
Жатыпты-ау “жертөледе” Алтын Адам?!
Танытқан Көк Түріктің тарихын
тасыңның таңбасында із жарқыраған.
Шоқтығы сұлулықтың шалқарлы ұйық,
Ойнаған бауырыңда арқар-киік.
Мұзтаудың мұңға батқан мұнарасын
көргенде көкірегім тартар күйік.
Алақан аясында аласарсаң,
Өзіңнен көлеңкелі қалқаң биік.
Шалғынын Шабанбайдың шаң қаппаған,
Бекалқа беткейінде аң қаптаған.
Жер жанаты – Ақсудың айналасы
Өзінен басқа аруды аңдатпаған.
Айтпақшы,
Алтайымның адамдары
өмірі емес ұят-арды аттаған.
Салуға сүгіретін сымбатыңның
аспанда Ай аунатып нұрға тұндым.
Сүт сәуле сезімімді сіркіретіп,
Өлеңнің өзегінде ырғатылдым.
Күркіреп көмейіңде құдіретті үн
Түркінің жебесіндей шыңға атылдың.
Жасырған жұмырыңа жұмбақтарың
ашылмай,
құпиялы тұр қатпарың...
“Көкте сен, жерде қожа менмін!”- деген
Күлтегін үнін ашық тыңдатпадың.
Тастағы Түркілердің таңбасының
сырын ұқпай,
барады құрған қаным.
Сенің де жүрегіңнің мұңы қалың,
Тұмасын таппаған соң тұнық әнің.
Ұрпағың ұлағатты ұлықтамай,
ұқпайды ұрымталға ұрынарын...
Перделеп пенделіктің перделерін
көрсоқыр көлеңкемде құмығамын.
Мазамды масатыдай мұңға малып,
Тағдырдың тәтті күні тұр қамалып.
Екеуміз еңіресек,
етек толы
көз жасы сіңіп жатар құмға барып...
Әйтеуір, Алтай, сенен көз жазбаймын,
Біреулер әкетердей ұрлап алып...





Пікір жазу